12 Қыркүйек 2019
175

Ұзынкөлде «Дала дарындары» іріктелді

Жәнібек ауданында дәстүрлі түрде өтетін «Дала дарындары» жастар шығармашылығы байқауының аудандық кезеңі өтті. Бұл жолы сайыс Ұзынкөл ауылында ұйымдастырылды.

 

 

 

 

Байқауға келген жас буын ең алдымен Ұзынкөл ауылы бишілерінің әзірлеген флешмобына қатысып, ауылдағы мәдениет үйінің тыныс-тіршілігімен танысты. Бұдан соң «Рухани жаңғыру» кабинетінде өткен «Жастар елдің болашағы» атты тренингке қатысты.

 

 

 

Сайыс басталмас бұрын мәдениет үйінің фойесінде үміткерлердің суреттері мен қолөнер туындыларынан көрме тамашаланды. Эстрадалық вокал, бейнелеу өнері, халық музыкасы, соның ішінде домбырамен ән салу, күй тарту, хореография, әдеби шығарма аталымдары бойынша бақ сынады. Байқауға 17 үміткер және бір би тобы қатысты. Өнерпаздар сахнаға шығып ән шырқап, би билеп, күй тартса, көркемсөз шеберлері өз туындыларын тарту етті.

 

 

 

Аудандық демалыс орталығының директоры Алтай Бақтығалиев бастаған қазылар алқасы облысқа ең мықты деген талант иесін таңдады. Нәтижесінде поэзия, хореография, домбыра-күй, сәндік қолданбалы өнер және эстрадалық вокал жанры бойынша Нұрлан Әбесов (Жәнібек), «Инабат» би тобы (Ақоба), Наргиза Касумова (Жәнібек), Мөлдір Мәжитова (Күйгенкөл), Райымбек Каримов (Жәнібек) пен Қуаныш Аждуов (Ұзынкөл) үздік атанып, облыстық кезеңге жолдама алды.