13 Қыркүйек 2019
136

Сырымдық жас кәсіпкерлер грантқа ие болды

Сырым ауданындағы «SJ» жастар орталығында «Жас кәсіпкер» жобасына қатысушыларға кәсіпкерлікке оқығандығы жөнінде және бірқатар жас кәсіпкерге 505 мың теңге қайтарымсыз грант алуға сертификаттар табысталды. Табыстауға Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев қатысты.

 

 

-Сырым ауданында түрлі бағыт бойынша бизнес жүргізуге еш кедергі жоқ. Шағын және орта кәсіпкерліктің дамуы ауданның әлеуметтік-экономикалық мәселелерін оң шешуге мүмкіндік береді.

«Жас кәсіпкер» жобасы - табысы аз қамтылған және жұмыссыз жастарға арналған жаппай кәсіпкерлікті дамытудың «Еңбек» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан жоба. Оқуды аяқтағаннан кейін оларға сертификат берілді. Сертификат арқылы өзінің бизнес жобасымен 200 АЕК мөлшеріндегі грант ала алады немесе 6 пайызбен 6,5 жылға 4 миллион теңгеге дейін несие алуға мүмкіндік бар, - дейді аудандық халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Саламат Иманғалиев.

 

 

Кәсіпкерлік негіздерін үйрететін курсқа қатысып, өзінің бизнес жобасын сәтті қорғап, 505 мың теңге қайтарымсыз грант алғандардың бірі - Аралтөбе ауылының тұрғыны Нұртай Шаужанов. Нұртай қой шаруашылығын дамытуды мақсат етіп отыр.

-Қазір әр адамның жеке кәсібі болғаны дұрыс деп ойлаймын. Өзім қайтарымсыз қаржыға 25 бас тоқты сатып алмақпын. Сол арманымды жүзеге асыру үшін кәсіпкерлік негіздерін оқыдым. Курстан кәсібімді қалай алып жүру керектігін үйрендім. Өзімнің аздаған қаражатым бар. Алдағы уақытта мемлекеттің көмегімен 6 пайызбен «Игілік» бағдарламасына қатысып, қой шаруашылығын одан әрі дамыту жоспарымда бар, - дейді жас кәсіпкер.