13 Қыркүйек 2019
55

Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Тасқала ауданына келді

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің БҚО бойынша департамент басшысы, әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Ғалым Тұрсынбаев Тасқала ауданына келді.

 

 

Алдымен жұмыспен қамту орталығында болған Ғалым Сұлтанұлы жұмыссыздық мәселесін тілге тиек ете келіп, аудандағы атқарылған жұмыстарға оң бағасын берді.

-Ауылшаруашылығын дамытуды жолға қойып, отбасылық бизнесті қолға алу керек. Ауыл тұрғындарын өз алдына кәсіп ашып, жұмысын дөңгелетуге дағдыландырған абзал. Жұмыссыздық жойылса, ауданның әлеуметтік және экономикалық жағдайы жөнделеді,- деді.

Мұнан соң Тасқала ауылдық округі әкімі аппаратының мамандарымен кездесіп, ауыл ахуалынан хабардар болды. Сондай-ақ халыққа қызмет көрсету орталығына кірген өкіл электронды қызмет алу жұмысына тоқталды.

 

 

-Электронды қызметті бүгінгі таңда әр адам үйден шықпай-ақ алуға болады. Бұған мүмкіндік жасалған. Сондықтан зейнеткерлер мен олардың немерелері бұл қызметті үйреніп алғандары абзал. Өйткені қазір жастардың барлығы смартфон қолданады. Соны пайдаланып электронды қызмет түрін бір жолға қоятын боламыз,- деді ол.

Жұмыс барысында аудан активімен кездескен Ғалым Сұлтанұлы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауына тоқталып, күн тәртібіндегі біраз мәселелерді тілге тиек етті.

Содан соң «Нұр Отан» партиясы филиалының ғимаратында жеке қабылдау өткізді. Қабылдау барысында мемлекеттік қызметкерлерге берілетін тұрғын үй, мемлекеттік анықтамалар алу және мемлекеттік жұмысқа орналасу мәселелері талқыланды.