24 Қыркүйек 2019
70

Ақжайық ауданында ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің 76 пайызы айналымда

Ал жерді мақсатты пайдаланбаған 46 шаруа қожалығының 43,2 мың гектар жері мемлекет меншігіне қайтарылған. Бұл жайлы бүгін Ақжайық ауданының әкімі Қалияр Айтмұхамбетов БҚО өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында айтты.

 

- Бұл жұмыс әрі қарай да тұрақты жүргізіледі. Жыл басынан бері жер заңнамасы аясында конкурстар өткізіліп аудан бойынша 24869 гектар жер учаскесі ұсынылып, соның 12180 га жер учаскесі шаруа қожалық жұмысын жүргізу үшін берілді. Бүгінгі таңда ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің 76 пайызы айналымда. Бұл – 1 млн. 218 мың гектар,-деді аудан әкімі. Ақжайық ауданында алдағы мал қыстағына 232 900 тонна мал азығы қорын дайындалуы қажет екен. «Ағымдағы жылы көктемде шөптің шығуы қалыпты болғанымен, одан кейінгі салқындық салдарынан шөп өспей қалды. Бұл өз кезегінде өнімділігін азайтып шөптің шығымын төмендетіп отыр. Бүгінгі күнде аудан бойынша 192142 тонна немесе 82,5 % мал азығы дайындалды» ,- дейді Қалияр Шадиярұлы.