03 Қазан 2019
72

Ақжайықта «Ақ бас тұқымды түлікті сұрыптау курсы» тақырыбында семинар өтт

Ақжайық ауданы Жаңабұлақ ауылдық округіне қарасты Көздіқара қыстағында орналасқан «Сұлтан» шаруа қожалығында қазақтың ақ бас тұқымы республикалық палатасының ұйымдастыруымен «Ақ бас тұқымды түлікті сұрыптау курсы» тақырыбында семинар өтті.

 

 

Семинарға республикалық палата басшысының орынбасары, ауылшаруашылығы ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Нұрлыбай Қажығалиев, аталмыш палатаның БҚО және Ақтөбе облыстары бойынша уәкілетті өкілі Мақсот Балқыбаев, Жаңабұлақ ауылдық округінің әкімі Ермек Құсайынов, Жамбыл, Қызылорда, Ақтөбе облыстарынан, Орал қаласынан, Қазталов, Жаңақала аудандарынан сала мамандары қатысты. Бірнеше күнге созылған семинардың теориялық сабақтары облыс орталығындағы ауыл шаруашылығы басқармасында өткен. Тәжірибелік сабаққа «Сұлтан» шаруа қожалығының таңдалуы тегін емес. Әлижан Жүсіпов жетекшілік ететін шаруашылық 2014 жылы құрылғаннан асыл тұқымды ірі қара өсірумен айналысады. Ә.Жүсіпов сол жылы Ресейдің Орынбор облысынан 100 ақ бас аналық, 7 аталық сатып алып келіп, шаруасын бастап кетті. Сол түліктен өрбіген ірі қара жылдан-жылға көбеюде. Семинар барасында Мақсот Кенжеұлы қатысушыларға облыс көлемінде түлікті асылдандыру бойынша жұмыстанып жатқан шаруашылықтар жайында айта келіп, ақ бас тұқымды ірі қараны қыстату үшін қоражайлардың талапқа сай болуын, яғни ықтасын қажет екенін, қоршау материалдарының сапалылығына мән беру керек екеніне тоқталды. –Бүгінде қазақтың ақ бас тұқымын көп әрі сапалы өсіріп отырған шаруашылықтар бар. Мысалы, Ақжайық ауданындағы «Сәбит», «Дөңгелек», Теректі ауданындағы «Айсұлу», «Бақыт» шаруа қожалықтары тұқымдық түрлендіруден алдыңғы қатарда. Олар бүгінде ғалымдармен тығыз байланыс жасап, сапаны арттыруда талмай жұмыстануда. Осы ірі төрт қожалық төлдердің «әкесін» ДНК арқылы анықтау ісін жүргізуде. Бұл геннің араласпауына, тұқымдық түрлендіруді толықтай бақылауға алуға көмектеседі. Әйтпесе, Ресейден келген ақ бас тұқымды малдың арғы тегі құжатында болжалды түрде 5 аталыққа дейін жазылады. Мұның сапалы төл алуға үлкен кедергі болатынын бәрімізге де белгілі,- деді Мақсот Кенжеұлы. Семинарға қатысушы мамандар Әлижан Жүсіповтың лабораториялық пунктінде осы қожалықтың ақ бас тұқымды малдарын сұрыптаудан өткізді. Қатысушылар малдың жасына, жынысына қарай жиырмаға жуық түлікті бағалады. Олар кәсіби, ғылыми тұрғыда түліктің мүшелері бойынша сұрыптау жүргізді. Шоқтығының , құйымшағының биіктігі, кеуде ені, кеуде тереңдігі, кеуде орамы, тұрқының қиғаш ұзындығы, мықын аралығы, жіліншік орамы, дене бітімі, генотипі қаралды. Арнайы құрылғылар арқылы осы өлшемдерді алған соң, малды таразыға тұрғызып, тірілей салмағын өлшеді. Ал аталықтар ұрғашылардан бөлек қаралды. Мақсот Кенжеұлының айтуынша, «Сұлтан» шаруа қожалығының асыл тұқымды малдарының сапасы анағұрлым жоғары. Мамандар бағалау парағына сұрыпталған ірі қараны жеке бағалады. Бұл оларға семинар сертификаттары табысталар кезде ескеріледі. Сиырдың етті тұқымы саналатын ақ бас тұқымы 1932-1950 жылдар аралығында Қазақстан мен Ресей жерінде шығарылған. Қазақ және қалмақ сиырларын герефорд аталығымен будандастыру арқылы пайда болған ақ бас ірі қара еліміздің далалы және шөлейт аумақтарының табиғи жағдайына бейімделген. Нұрлыбай Жігербайұлының айтуынша, бүгінде Қазақстанда 7 миллионнан астам мүйізді ірі қара болса, соның 53 пайызы етті тұқымға жатады. Соның 60 пайызы қазақтың ақ бас тұқымы. Аталған тұқымды шығаруда үздіксіз еңбектеніп, көп ізденген Н.Ғалиакберов, Б.Мусиндер бастаған ғалымдар тобы осы жетістіктері үшін КСРО Мемлекеттік сыйлығын да алыпты. Батыс Қазақстан бойынша бертінде бұл іспен Қазбай Бозымов, Едіге Нысанбаевтар айналысты. Аңқатыдағы «Чапаев» мал зауытының жетістігі күллі Қазақстанды дүр сілкіндірді. –Ақжайық ауданындағы ақ бас тұқымын өсіріп отырған шаруалардың еңбегіне ризамын. Басқа өңірлерге қарағанда деңгейлері жоғары. Осы жылдың тамыз айында Петропавл қаласында болдық. Семинар өткізіп, мамандарды жетілдіруде жұмыстандық. Басты мақсатымыз–шаруа қожалықтарындағы мал мамандарының ақ бас тұқымды бағалау және сұрыптау жұмыстарына шыңдау. Бұл олардың кәсіби маман болуына, тиісінше асыл тұқымды мал басының көбеюі мен сапасына зор септігін тигізеді. Сондықтан жыл сайын әр аймақта 3-4 семинар өткізуді қолға алып отырмыз,-дейді Н. Қажығалиев. Ғалымдардың айтуынша, қазақтың ақ бас тұқымына жататын түліктер 6 айлығынан бастап сұрыпталады. Сұрыптау барысында генотипінен олқылық байқалған мал тез арада табыннан бөлектеніп, бордақылауға қойылып, етке өткізілуі тиіс. Ондай мал асыл тұқымды табын арасында жүрсе, қанның бұзылуына, сапаның төмендеуіне әкеліп соқтырады. Бүгінде түлігін асылдандыруға бет бұрып жатқан шаруалар ақ бас тұқымды көбіне Ресейден сатып алып жүр. Тұқымы өз елімізде де шығарылған түліктің жойылып кете жаздағанына өзімізден басқа ешкім кінәлі емес. Сонау «балапан басына, тұрымтай тұсына» болған тоқырау кезеңдерде осы асыл түліктерімізді көптеп сақтап қалғанда, бүгінде көптеген шаруашылық малдары, тіпті жекелеген тұрғындардың ірі қарасы да түгелге жуық асылданар еді. Салаға мүдделі мамандар, іргелі шаруашылықтар енді осы олқылықтардың орнын толтыруда жұмыстанса, еліміздің сапалы өнімнің отаны болар күн алыс емес.