03 Қазан 2019
86

Теректiде облыстық «Asyl ana – 2019» байқауы ɵттi

Теректі ауданында тұңғыш Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында облыстық «Asyl ana – 2019» көп балалы аналар байқауы өтті.

 

 

«Әйел. Қоғам. Болашақ» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен, облыстық халық шығармашылығы орталығы, «Nur Otan» партиясы Теректі аудандық филиалы және Теректі аудандық аналар кеңесінің қолдауымен өткен сайысқа 9 ауданнан үміткер қатысып, бақ сынады. Ізгіліктің бастауы, отбасының ұйытқысы - аналар сайысы «Әйел - үйдің ырысы» (Өзін-өзі таныстыру), «Инежіптен игілік иірермін» (үй жұмысы), «Ата-салтым - тәлімді ой сынағым» (салт-дәстүр туралы сұрақтарға жауап беру), «Өнер - менің өмірім» (бесік жырын айту) және «Әсем киім - әйел көркі» (қазіргі заман талғамына сай ұлтық нақыштағы жұмыс киім үлгілерін кɵрсету) сынды кезеңдерден тұрды.

 

 

Сайыста «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, айтыскер ақын Шолпан Қыдырниязова, халықтық «Әже сәлемі» ансамблінің мүшесі, батыр ана Мәншүк Ермұханова, облыстық «Asyl ana -2018» байқауының жеңімпазы Гүлнар Қабиева қазылық етті.

 

 

Қазақы әйел бейнесін насихаттаған сайыста Жәнібек ауданының намысын қорғаған Мейрамгүл Күсенова бас жүлдеге ие болып, «Сарыағаш» емдеу-сауықтыру шипажайына жолдама алды. І орын алған қаратөбелік Кәмшат Олжатаеваға «Ақжайық» шипажайында демалу жолдамасы бұйырды. Сырым ауданынан келген 5 баланың анасы Мейрамгүл Ғұмарова ІІ орын тұғырынан көрініп, 40 мың теңгенің сертификатына ие болса, жаңақалалық Сәуле Төлепова ІІІ орынды қанжығасына байлап, 20 мың теңгенің сертификатын алды. Қалған қатысушылар диплом және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

 

 

Байқау соңында аудан әкімі Әділ Жоламанов ұйымдастырушыларға алғыс айтып, демеушілерді марапаттады. Олардың қатарында «Nur 0tan» партиясы Теректі аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нұрхат Жанбоз, қос шипажайға жолдама ұсынған «Uniserv» ЖШС бақылаушы кеңесінің төрағасы Нұрғазы Сәтбаев, жыл сайын демеушілік танытқан «Теректі» шаруа қожалығының басшысы Сержан Идиятов, «Шарақап» шаруа қожалығының басшысы Абат Джанназаров, «Бекос» шаруа қожалығының басшысы Бекболат Қыдырбаев бар.