02 Қазан 2019
9

Көпжасарлықтар қарияларды құттықтады

Жаңақала ауданы Көпжасар ауылдық округінің әкімі Нұрбол Бектілеу Халықаралық қарттар күні мерекесіне орай қариялармен ақ дастарқан басында кездесті.

 

Кездесуге аудандық мәслихат хатшысы Закария Сисенғали, еңбек ардагерлері, тыл еңбеккерлері мен мүмкіндігі шектеулі жандар қатысты. Мерекелік дастарқанда сөз алған ауыл әкімі Нұрбол Серікұлы елдің ертеңі үшін талмай еңбек еткен ардагер ақсақалдар мен ақ жаулықты аналарға алғысын жеткізіп, отбасыларына амандық, дендеріне саулық тіледі. Мұнан кейін Закария Сисенғали қазыналы қарияларға билік тарапынан қашанда құрметтің зор екенін жеткізіп, еңбектері елеусіз қалмайтындығын тілге тиек етті. Шара соңында ел азаматтарына қариялар жағы үлкен ризашылықтарын білдіріп, ақ баталарын берді. Айта кетсек, ауылдық округ әкімдігі ұйымдастырған ауқымды шараға «Інжу» жеке кәсіпкерлігінің жетекшісі, ауданның алдыңғы қатарлы мұғалімі, ұлтжанды азамат Амангелді Бекқалиев демеушілік жасап, жерлестерінің  ақжарма алғысына бөленді. Мерекелік шарада Көпжасар ауылдық мәдениет үйінің өнерпаздары әннен шашу шашты.