03 Қазан 2019
191

«Жәңгір хан ұрпақтары» еріктілер қоғамы қайырымдылық жасауда

Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың «Жәңгір хан ұрпақтары»  атты еріктілер қоғамы дәстүрлі мейірімділік айында қайырымдылық жасауда.

Олар университет ардагерлеріне үй шаруалары бойынша көмектесуде. Оқу ордасында 30 жылдан астам уақыт жұмыс істеген Ұлы Отан соғысының ардагері, ветеринария ғылымдарының кандидаты Александр Кирпичевтің үйіне 20 ерікті студент барды. Ерлі-зайыпты Кирпичевтардың жеке үйі жөндеу жұмыстарын қажет етеді. Жәңгір хан университетінің студенттері жақында ғана 95 жасқа толған Александр Федосейұлын мерейтойымен құттықтап, ардагер үйінің бақшасындағы өлі ағаштарды кесіп, қоқыстан тазартты.

Еріктілердің екінші тобы 25 жыл университет жатақханасында комендант қызметін атқарған еңбек ардагері Софья Мырзахметованың үйінде болып, көмек күшін қажет ететін тұрмыстық істерге қол ұшын созды. Софья әжей қазіргі буынға қарап өткен күндерді күлімсіреп еске алды: «Бұрын студенттер жатақханасында қолайлы жағдайдың барлығы жасалмаса да, олар жақсы оқып, ізденіп, білікті маман болды. Керек пен қажеттің бәрі бар сіздер де сондай болуға күш салыңыздар!» - деп, жастардан арман мен болашаққа құрған жоспарларын сұрады. Әзірге 70 студент тіркелген «Жәңгір хан ұрпақтары» атты еріктілер қоғамының мақсаты – университет ардагерлеріне, көп балалы және аз қамтылған отбасыларға, жалғыз басты қариялар мен көмекке мұқтаж жандарға қамқорлық таныту.