08 Қазан 2019
83

Жаңақалада жаңа кітаптың тұсауы кесілді

Аудандық орталықтандырылған кітапханада Елбасының  «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Ленин» орденінің иегері, ҚР Журналистер одағының мүшесі, еңбек ардагері Құмарғали Қайыржановтың «Ауылдастар» атты кітабының таныстырылымы өтті. Іс-шараға еңбек ардагерлері, жастар өкілдері және оқырмандар қатысты.

 

 

Жалпы, Құмарғали Қайыржановтың есімі көзі қарақты оқырманға таныс. Ол осы кезге дейін аудандық, облыстық басылым беттерінде біраз мақалалар жазып, ел-жұртқа журналистік қырынан танылды. Мақала, әртүрлі естелік әңгімелерін жинақтаған Құмарғали ақсақал ең әуелі «Ауылдастар туралы ақиқат» атты кітабын шығарды. Ал сол кітаптың жалғасы ретінде жарық көрген «Ауылдастар» атты кітабында Бірлік ауылындағы мал шаруашылығының тарихын баяндап, Жаңақала ауданында өзін оқытқан ұстаздары туралы сыр шертіп, соғыс және еңбек ардагерлерінің өмір жолдарын насихаттап, өткен күндерді сағынышпен еске алады. Кеш барысында авторды кезекті туындысымен аудандық орталық кітапхана директоры Дина Даниярқызы, еңбек ардагері Нәсіпқали Мақанов, Жаңақала ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғинаят Валиев құттықтап, жылы лебіздерін білдірді. Жаңа кітаптың тұсауын кесу құрметі еңбек ардагері Нәсіпқали Мақанұлына берілді. Кеш соңында кітап авторы Құмарғали Қайыржанов сөз алып, шараны ұйымдастырған аудандық орталық кітапхана ұжымына, қатысушыларға зор ризашылығын білдірді.