14 Қазан 2019
106

Жәнібекте Ғұмар Қараштың 145 жылдығы аталып өтті (СУРЕТ)

Биыл ұлы ойшыл, ақын Ғұмар Қараштың туғанына 145 жыл. Атаулы күнге орай Жәнібек ауданы Борсы ауылында «Есімін ұлықтаған Ғұмар елі» атты мәдени-көпшілік шара ұйымдастырылды.

 

 

Аудан әкімінің орынбасары Жұбаныш Хайруллин жиналған қауымды мерекемен құттықтаса, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Амангелді Уәлиев Ғұмардың өмірі мен қызметі туралы баяндама жасады.

 

 

Салтанатты шарада Ғ.Қараш атындағы мектеп оқушылары ақын өлеңдерін мәнерлеп оқып, ауданның әншілері мен бишілері өнер көрсетті.

 

 

Аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталық пен «Ақбастау» жастар қоғамдық бірлестігі жастар спартакиадасын өткізді. Барлық ауылдық округ қатысқан спартакиада да қазақша күрес, ләңгі тебу, қымыз ішу, өгіз тартыс, асық ату, арқан тартыс, тоғызқұмалақ пен аударыспақ, жамбы атудан ойындар өтті.

 

 

Қазақ күресінен 70 келіге дейін салмақта қыздар арасында бірінші орынды жақсыбайлық Дәрия Жәрдемова алса, ерлер арасында аталған ауылдың тұрғыны Балтабай Айдарханов I орынға ие болды. Ал 70 келіден жоғары салмақта қыздардан ақобалық Жансая Ахметәлиева мен ерлерден ұзынкөлдік Ринат Әубекеров бірінші орыннан көрінді.

 

 

Ләңгі тебуден Ұзынкөл ауылы бірінші орынға ие болса, қымыз ішуден Тау ауылы алға шықты. Өгіз тартыстан таулық Нұрхат Хамиев бірінші орынды жеңіп алды. Асық атудан қыздар арасында Жақсыбай ауылы жақсы нәтиже көрсетсе, ерлер арасында Тау ауылы бір адым алға басты. Арқан тартыста да таулықтар оза шапты. Тоғызқұмалақ ойынында қыздар арасында бірінші орынды Зәуреш Сыдықова (Ұзынкөл) алса, ерлерден Сәкен Құндызбаев (Тау) ие болды. Аударыспақтан 70 келіге дейін және 70 келіден жоғары салмақта I орынды ақобалық Ержан Батырашев пен жәнібектік Мирас Берікбаев алды. Ал жамбы атудан Жәнібек ауылы ерекше көзге түсті. Жалпы командалық есепте I, II, III орындарды Тау, Ақоба, Жақсыбай ауылдары өзара бөлісті. Жүлдегерлер мен жеңімпаздарға диплом мен естелік сыйлықтар табыс етілді.

 

 

Той Борсы ауылдық мәдениет үйіндегі концертке ұласты. Шарада Ғ.Қараш атындағы мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Қымбат Осатова мен аталған мектептің 10-сынып оқушысы Асылан Құзайыр баяндама жасады. Олар Ғұмар оқуларын облыстық және аудандық деңгейде дәстүрлі түрде өткізілуін, аудандық газеттің атауын «Ғұмар елі» деп өзгерту жөнінде ұсыныс білдірді.

 

 

Ғұмар Қараштың 145 жылдығына орай өңірде бұрын соңды болмаған 100 шақырымдық бәйге өтті.

 

 

Аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Орынбасар Ғилымов, аудандық ат спорты федерациясының президенті Арсен Кенжәлиев және Борсы ауылдық ат спорты федерациясының басшысы Марал Әбілов бәйгенің шартын түсіндіріп, шабандоздарға сәттілік тіледі.

 

 

Бәйгеге Маңғыстау облысы, Тасқала, Бөкей ордасы, Қазталов және Жәнібек аудандарынан 22 сәйгүлік қатысты. Борсы-Жәнібек арасындағы бәйгенің жалпы жүлде қоры 2 млн. теңге.

 

 

Ең бірінші болып мәреге жеткен сәйгүлік 100 шақырымды 4 сағат 45 минутта бағындырды. Ал бәйгеге 6 сағат жоспарланған еді. Онда қамыстылық Асланбек Шәріпов I орын (500 мың теңге), бөкейордалық Бейбарыс Шайхуллин II орын (250 мың теңге), күйгенкөлдік Жасұлан Темірғалиев III орын (150 мың теңге) алып, үздік үштіктің қатарынан көрінді. Қазталовтық Райымбек Кеңесов пен Бекзат Нұртаев, жәнібектік Жанарбек Биәлиев, тасқалалық Хансұлтан Аяпбергенов, тегісшілдік Алдияр Жұмағалиев, борсылық Дидар Хаменов, ұзынкөлдік Беделбек Хамзиндер үздік ондықтың қатарына еніп, әр қайсысы 50 мың теңге ақшалай сыйлыққа ие болды.