21 Қазан 2019
231

Бөрлі ауданында тоғызқұмалақтан турнир өтті

Бөрлі ауданының спорт саласының дамуына зор үлес қосқан спорт ардагері Айтбай Тастайбековтың 60 жас мерейтойына орай тоғызқұмалақтан ардагерлер және 2009 – 2010 жылы туғандар, 2001 жылғы және оданда кіші жасөспірім ұлдар мен қыздар арасында Бөрлі ауданының ашық турнирі ұйымдастырылды.

 

 

Аталмыш сынға еліміздің Ақтөбе, Атырау қалаларының және облысымыздың Жаңақала, Сырым, Тасқала, Шыңғырлау, Бөрлі аудандарының және көршілес Ресейдің Орынбор қаласының командалары қатысты. Жарыс шымылдығын ашып сөз алған Бөрлі ауданының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Армат Исанов турнир иесін құттықтап, қатысушыларға сәттілік тіледі.

 

 

Жарыс қорытындысы бойынша 60 жастан жоғары ардагерлер арасында қазталовтық Айтжан Жұмағазиев үздік шықса, 40 жастан жоғары ардагерлер арасында Атыраудан келген Құрманбай Ашетовтың бәсі биік болды. 40 жастан жоғары әйелдер арасында жаңақалалық Қаламқас Каринаның асығы алшысынан түсті. Бүлдіршіндер арасындағы сында  Жұмагелді Нұрила,  Қайырбек Мәди, Мұғал Назерке, Қисметолла Ерасыл секілді тоғызқұмалақшылар тұғырдан көрінді. Сонымен қатар Яхина Амина мен Орынғалиева Айару «Ең жас спортшы» атанса, Мергенбаев Ернар, Қанатова Ақжан  «Ең үздік ойыншы» номинацияларын қанжығаларына байлады.