23 Қазан 2019
200

Жымпитыда ұлттығымызды насихаттайтын жаңа дүкен ашылды

Қазан айында жымпитылық жеке кәсіпкер Ербол Дауылов ұлттық, табиғи өнімдер дүкенін ашып, халыққа қызмет көрсетуді бастап кетті. Мұндай ұлттық брендті насихаттайтын дүкен ауданда бірінші рет ашылып отыр. Дүкенде негізінен жылқы, түйе, сиыр малының өнімдері саттықта шығарылған. Ет өнімдерінен жылқы еті, сиыр еті, қазы, қарта, ұсақталған ет, бауыр, ішек-қарын, қойдың басы, тіпті сираққа дейін бар. Ал, ақтан алынатын өнімдерден шұбат, қымыз, қаймақ, сарымай, ірімшік, қайнатылған құрт, ащы құрт, түйенің балқаймағы, сүт өнімінен жасалған рафаэлло,  жент, шоколадты жент дүкен сөрелерінде самсап тұр. Бұдан бөлек  тары, талқан, түрлі жидектердің тосабы, бал, түрлі дәрумендері жинақталып жасалған ассорти бал, тұзды арахис, өрік, мейіз, түрлі шығыс тәттілері, миндаль сатылуда. Бұл өнімдер Қазақстанның түкпір-түкпірінен тапсырыспен әкелінуде.

Ерболдың айтуынша, дүкен ғимаратының салынғанына төрт жыл болыпты. Үш жыл бойына дүкенде қандай тауар сатсам деген ой мазалап, сөйтіп, ұлттық бренд тағам өнімдерін ашуды қолға алды.

 

 

 

–  Ауылдың тұрғындары қаймағын, айранын, майын, ірімшігін әкеп тапсырады. Көтерме бағамен сатып аламын.  Күн сайын 1 литр қаймақ әкеп тапсырған отбасы  айына 55-60 мың теңге табысқа кенеледі. Айран мен қаймақ – күнделікті сұранысқа ие тағамдар. Күніне 20-30 литрлеп қымыз алып тұрамын. Сиырдың құртын Қызылордадан алдырып отырмыз. Біздің жақта көп кездесе бермейтін сиырдың қайнатылған құртынан жасалатын «рафаэлло», ірімшік өнімдерін де Оңтүстік өңірден алдырудамыз. Бұл сүт өнімдері қазірдің өзінде ауданда ел сүйсініп жейтін брендке айналып келеді. Қызылорда облысы Арал ауданынан шұбат, Ақтөбенің тары-талқаны мен женті, шоколадты женті, Алтайдан келген дәрумендер қосылған бал, Оңтүстік өңірлерден келген шығыс тәттілері жеткізіледі. Құлпынай, таңқурай, сары өрік, қара қарақаттан қайнатылған тосаптарды тұтынушының қалауына орай түрлі көлемдегі құтыларға құйып береміз.Түйенің шұбатынан алынатын балқаймақ бар, оны өндіру технологиясы күрделі. Жүздеген литр шұбатты қайнатады, қоюланғанда 1-2 келі ғана балқаймақ алынады. Оның арнайы сеператоры жоқ, қолмен жасалады. Қымыз бен шұбатты халықтың дәмін көруіне жағдай жасап қойдық. Жылқы және сиырдың барлық ет өнімдері де – үлкен сұранысқа ие азықтың бірі. Ет өнімдері өзімізден. Бағалары да қолжетімді, - дейді жары Лаура. Таңертеңгі 9-дан кешкі 9-ға дейін сауда жасайтын бұл дүкенге күніне жүздеген адам бас сұғады екен. Күндіз қымыз, шұбат алып кетеді. Кешке жуық тұтынушылар көбіне ет алады. 

 

 

Осы күнге дейін Қ.Мырзалиев атындағы орта мектепте директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарып келген Ербол Сүйінғалиұлы арманын, мақсатын жүзеге асыру үшін уақытша өз есебінен демалыс алыпты. Әйтпесе, жұмысбасты адамға кәсіппен түбегейлі шұғылдану қиын екен. «Ұстаздық қызмет те – абыройлы, мәртебелі іс. Балалардың ортасында жүргеннің өзі бір ғанибет, ата-анамен тығыз байланыста боласың. Әріптестеріңмен бірге бір қазанда қайнап жатасың. Ал енді, бұл жерде бір ғана мақсат – келген адамға сапалы өніммен сапалы қызмет көрсетіп, көңілін табу керек екен»-, дейді ол.

 

 

Алдағы уақытта кәсіпкер келген адамға қымыз, шұбатын, шайын түрлі тосаппен, құртпен, жентпен ішіп, қуырдағын жеп қайтатындай жағдай жасауды қалайды. Халықтың сұранысын байқап, соған орай кәсібін өрлетуді көздейді.  Тұтынушылардың ұсынысын әрдайым қолдауға дайын. Бау-бақша өнімдерін де шығаруды мақсат етуде. Болашақта, қаз, үйрек етін де саттыққа шығаруды жоспарлап отыр, құс етіне тапсырыс беріп қойыпты.  Әлі атауы берілмеген дүкен халық арасында «Ұлттық табиғи өнім дүкені» аталып кетті. Иесінің айтуынша, дүкенде харам нәрсе сатылмайды. Кейбіреулер сыра, темекі сұрап келеді екен. Бірнеше жыл педагогтық қызмет атқарған, бала тәрбиесіне немқұрайлы қарай алмайтын кәсіпкер дүкенін тек егде адамдардың ғана емес, жастардың сүйікті тағамдары сатылатын дүкенге айналса дейді. Бойында ұлттық рухы бар жастар ұлттық тағамдарды сүйсініп жеп-ішуі тиіс деп санайды.