23 Қазан 2019
84

Қаратөбеде күйші Әжігерей Дүйсеғұлұлының 130 жылдығына орай фестиваль өтті

Қаратөбе ауданында белгілі күйші Әжігерей Дүйсеғұлұлының туғанына 130 жыл толуына арналған «Күмбірлеген күй ғұмыр» атты күй фестивалі өтті.

 

 

Сахна шымылдығы саз мектебі оқушыларының орындауындағы күй атасы Құрманғазының «Балбырауын» күйімен ашылды. Шара рухани жаңғыру бағдарламасы аясында Мұхит Мералиев атындағы Қаратөбе аудандық тарихиөлкетану музейі мен Қаратөбе балалар саз мектебінің ұжымдары бірлесіп ұйымдастырылды. Музей меңгерушісі Нұрлан Меңдешов күй өнерін ұрпаққа таратуда еңбегі сіңген Әжігерей Дүйсеғұлұлының өнердегі еңбек жолы және дәулескер күйшінің ұрпақтарымен таныстырды. Ол кісіден домбыра тартуды үйренген Кәрім Шауалиев, Қали Төлегенов, Ермекқали Мұқанбетжанов, Мырзағұл Райсов, Мәтжан Тілеужанов, Ғазез Рамазанов, Жақсығали Наурызғалиев, Рахила Хасанова, Жүсіп Матжанов және тағы да басқа көптеген шәкірттің атын атады. Шәкірттерінің арасынан марқұм Ермеққали Мұханбетжановтың ең шебер домбырашы болғанын тілге тиек етті.

 

 

Әжігерей Дүйсеғұлұлы 1889 жылы дүниеге келген. Күйшінің арғы атасы Бектұрсын Алдияров сауаттану мектебінде оқыған. Әжгерейге домбыра тартуды үйреткен Алдиярдың екінші баласы Қисықбас деген ағасы екен. Күйші 100-ден астам күй білген. Ол 1938-1940 жылдары Қаратөбе мектебінде домбыра үйірмесін жүргізген. 1940-1942 жылдары Жақсыбай жеті жылдық мектебінде, 1942-1945 жылдары Аққозы жеті жылдық мектебінде, 1945-1950 жылдары Қаратөбеде домбырадан сабақ берген. Өзі ағаштан ойып домбыра да жасапты. Саятшылық өнері де болған. Қаршыға салып аң аулаған. Қолындағы қаршығасынан аты үркіп, аттан құлап жығылады. Сол құлағанынан қатты зақым алып, 67 жасында өмірден кеткен. Ол кісінің өзі шығарған жалғыз ғана «Жеңіс» атты күйі болған. Халық өнерпаздарының республикалық байқауына қатысқан Әжігерей күйші байқауда халық күйі «Нарату» мен Динаның күйі «Бұлбұлды» орындап, «Құрмет грамотасымен мараппатталған.

 

 

-Бүгінгі шараны ұйымдастырушыларға рахмет. Ел ардақтыларының еңбегін дәріптеу баршаның борышы. Шараға күйшінің ұрпақтары, немерелері Бақытжамал, Рая, Жәмила қатысып отыр. Жас өнерпаздардың Ұзақ, Құрманғазыдай, жерлесіміз Әжігерейдей мықты күйші болуларына тілекшімін, -деді аудан ақсақалы Орынғали Бәкесұлы.

 

 

Сахнада бірнеше күй орындап, көрермен көңілінен шыққан мектеп ұстаздары мен оқушыларына музей меңгерушісі Нұрлан Құмарұлы алғыс хаттар табыстады. Күйшінің немерелері Бақытжамал, Рая, Жәмила шараны ұйымдастырушылар атынан алғыс хаттармен марапатталды. Үлкен немересі Бақытжамал Мәулімқызы музейге шежіре кітабын табыстады.