29 Қазан 2019
163

Бөкей ордасында әйелдер форумы өтті

Бөкей ордасында «Нарын шуағы» әйелдер қоғамдық бірлестігі және аудан әкімдігінің қолдауымен VI «Еңбек әйелдері – еліміздің басты құндылығы» атты форум өтті.

 

 

Форумның шымылдығы жылдағы дәстүр бойынша мәдениет үйінің фойесінде ұйымдастырылған «Тәттілер» жәрмеңкесімен түрілді. Сайқындықтармен қоса Мұратсай, Орда, Ұялы, Саралжын, Т.Масин ауылдық округтерінен ат арытып жеткен әйелдер қауымы тәтті өнімдерін, қолөнер бұйымдарының алуан түрін ұсынды. «Аудан көлемінде әйелдер саны 8 097 болса, 250 қыз-келіншек медицина, 955-і білім саласында қызмет атқарады. 285-і шағын және орта бизнесті игергендер», - деп форумның ресми бөлімінде сөз бастаған «Нарын шуағы» әйелдер қоғамдық бірлестігінің төрайымы әрі шара модераторы Гүлжан Бисекенова аудандағы гендерлік саясаттың іске асырылу барысын, отбасылық құндылықтарды насихаттау, зорлықзомбылықтың алдын алу тағы басқа бірлестіктің мұрындық болуымен өткізілген жобалар жөнінде тарқатып айтты.

 

 

Өз кезегінде аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Шыңғыс Абдоллин әйел адамдарды жұмыспен қамту бойынша атқарылған жұмыстарды баяндады. Оның айтуынша былтыр 345 әйел жұмыспен қамтылса, биыл 372 әйелге нәпәқа табуына мүмкіндік беріліпті. Тарқатып жазар болсақ, соның 93-і тұрақты қызметке тұрса, 51-і әлеуметтік жұмыс орындары, 53 - келіншек жастар практикасы негізінде екі қолға бір күрек тауыпты, 170-і қоғамдық жұмыстарға тартылса, 29-ы қысқа мерзімді кәсіптік оқуға жолданған. Бұдан соң мінберге Бөкей ордасы колледжінің директоры Бағдат Лұқпанов шығып, колледжді тәмамдаған қыз балалардың қызметке орналасуы, іскерлік белсенділіктері және аталмыш оқу орнындағы қыз тәрбиесіне арналған шараларды тілге тиек етті. Ұялы ауылдық округіндегі аналар кеңесі төрайымының орынбасары Шынар Сәбирова жыл бойына атқарылған шараларға шолу жасады. Ұялы әйелдер форумын үш жыл қатарынан өткізіп, кеңес жұмысын асқан жауапкершілікпен атқарып отырған бірден бір ауыл. Жалғасты жұмыс, үлкен жауапкершіліктің нәтижесі болар, аудан атынан облыс орталығында өткен отбасылық байқауларға қатысқан ұялылықтардың жүлдесіз қайтқан кезі жоқ. «Ақжүніс» республикалық көп балалы аналар бірлестігінің ауданымыздағы өкілі Гүлнәз Құсалиева, «Асыл ана - 2019» байқауының жеңімпазы атанған көп балалы ана Өмірбақыт Нанаевалар да тақырып төңірегіндегі ой-пікірлерін ортаға салды. «Қызыл ай» қоғамдық бірестігінің бүгіні мен ертеңін жетекшісі Нәсіп Нұркенова жеткізіп, өзгенің өміріне бейжай қарамайтын жомарт жүрек жандар еріктілер қатарынан табылса деген тілегін де жасырмады. Аудан әкімінің орынбасары Лариса Қайырғалиева қазақ қоғамындағы іскер әйелдердің мәртебесі мен рөлі, гендерлік теңдікті нығайту жәйін сөз етті. Шара соңында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып жүрген бір топ бастамашыл әйелдер аудан әкімі Нұрлан Сағынтайұлы мен «Нарын шуағы» әйелдер қоғамдық бірлестігінің төрайымы Гүлжан Исағалиқызының атынан алғыс хаттармен марапатталды. Сондай-ақ қайырымдылық жәрмеңкесінен түскен қаржы Саралжын ауылындағы мұқтаж жанұяға берілетіндігі қаперге беріліп, сол округтің әкімі Ерлан Ермекқалиевке табысталды.