06 Қазан 2019
7

Тегісшілге ауыз су тартылуда

«Nur Otan» партиясы Жәнібек аудандық филиалында партиялық бақылау комиссиясының кезекті отырысы өтті. Онда аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Манарбек Әдиевтің 10 айда атқарылған жұмыс және мемлекеттік бағдарламаның орындалуы туралы есебі тыңдалды.

 

 

Аталған бөлім басшысының айтуынша, Борсы ауылдық округіндегі Тегісшіл елді мекенінде ауыз су құбырының құрылысын жүргізу жұмыстары басталған. Құрылыс жұмыстарының сметалық құны - 387 438 417,16 теңге. Мердігер – «Жайықгазсуқұрылысы» ЖШС. Бүгінгі таңда нысан бойынша ауылішілік ауыз су құбыры тұрғын үйлер мен әлеуметтік ғимараттарға толығымен тартылған. Ауылішілік құдықтар орнатылды. Су көзі 7 шақырым жерде орналасқан скважинадан тартылады. Құрылыс жұмысының шамамен 45 пайызы орындалды. Қазіргі уақытта қаражат жоқтығынан құрылыс уақытша тоқтатылған. Құрылыстың ұзақтығы – 7,5 ай. Аталған нысанның құрылысына 2020 жылға республикалық және облыстық бюджеттен толық қаражат бөлу жоспарлануда. Бұл жұмыстың нәтижесінде ауылдағы 10 шақырым жерге ауыз су құбыры тартылып, 50 текше метр су қысымды мұнарасы, 100 текше метр резервуар, насосты станса салынады. Құрылыс жұмыстарын келесі жылы аяқтау жоспарланған. Ұзынкөл ауылдық округінің Еңбекші және Талов ауылдық округінің Майтүбек елді мекендеріне ауыз су құбырын тарту мақсатында жобалық-сметалық құжаттама дайындалды. ЖСҚ-ны дайындауға 4 млн. теңге жұмсалған. Еңбекші елді мекеніне су көзі Орда топтық су құбырынан, ал Майтүбек елді мекеніне су көзі 1 шақырым жердегі скважинадан тартылады. Қазіргі уақытта аталған екі жоба ведомстводан тыс кешенді сараптамадан өткізілуде. Сараптама қорытындысы 2019 жылдың қарашасында шығады деп жоспарланған. Еңбекші елді мекеніне тартылатын ауыз су құбырының жоспарлы құны – 104 млн.теңге болса, Майтүбекке тартылатын ауыз су құбырының құны – 189 млн.теңге. Отырыста саладағы жұмысты жандандырып, жақсартуға ұсыныстар енгізілді.