06 Қараша 2019
314

Жәнібекте «I-Qanat» олимпиадасы басталды

Жәнібек ауданы орталығында №1 мектеп-лицейде дарынды балалар үшін «I-Qanat» олимпиадасы өтуде.

 

 

Кәсіпкерлер және ірі меценаттардың қолдауымен құрылған бұл жобаның мақсаты – ауыл балаларының еліміздегі және шетелдегі алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарына оқуға түсуге дайындау, қолдау білдіру, ынталандыру. Сондай-ақ республика өңірлерінде іріктеу турнирлері өтіп, олимпиада жеңімпаздарына Қазастан мен шетелдегі жоғары оқу орындарында оқу үшін гранттары мен шәкіртақылар тағайындалады. Шараның ашылуында аудандық білім беру бөлімі басшысының міндетін уақытша атқарушы Нұрлыбек Жакин, былтыр өткен «I-Qanat» олимпиадасының республикалық кезеңіне қатысушы, №1 мектеп-лицейдің 10-сынып оқушысы Анель Тастанова, I-Qanat білім беру қорының БҚО бойынша үйлестірушісі Гүлнәр Әлжанова сөз сөйлеп, олимпиаданың өту барысымен таныстырып, қатысушыларға сәттілік тіледі.

 

 

-Бұл жоба Тұңғыш Президентіміздің «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ауыл балаларына арналған тамаша мүмкіндік. Балалар биікке қарай ұмтылсын, қанаттары талмасын деген ниетпен I-Qanat деп аталатын жобаға биыл Жәнібек ауданынан 76 оқушы қатысуға ниет білдірді. Былтыр іріктеу кезеңіне ауданнан 61 бала өтініш білдірсе, соның 18-і жоғары нәтижесі үшін сертификатқа ие болып, ІІ кезеңге қатысуға мүмкіндік алды. Сол 18-ден 5 оқушы үздік шығып, республикалық кезеңге жолдама алды. Бұл - облыс бойынша ең үздік көрсеткіш. Облыста олимпиадаға қатысқан екі мыңдай баланың іріктеліп, ІІ кезеңге 500-і ғана қалды. Ал үшінші республикалық кезеңге өңірден 55 бала өтіп, оларды Астана қаласындағы Н.Назарбаев зияткерлік мектебіне апарып келдім. Сол 55 бала қазір I-Qanat қорының қолдауымен тегін білім алып жатыр. Соның ішінде 15-і Тұңғыш Президент қорының грантына ілікті. Бүгін өтетін олимпиаданың қорытындысы 23 қарашада белгілі болады,- деді Гүлнәр Жәрдемқызы. Олимпиадаға қатысушыларға «I-Qanat» қорының анықтамалық кітапшасы мен қаламы берілді.