20 Қараша 2019
116

Ұялылық екі жас жұбайлық өмірлерін сауапты істен бастады

 Бөкей ордасы ауданының Ұялы ауылындағы қайырымдылық айы мектептегі тәрбиелік шаралар, мәдениет үйіндегі концертпен шектелген жоқ. «Баймұратов Бақтығұл» қожалығының жетекшісі Б.Баймұратов сияқты ауыл азаматтары мен мектеп мұғалімдері аз қамтылған отбасы балаларына көмек қолдарын созып, азықтүлік пен киім-кешектен көмек берді. Осындай қайырымдылықтың басы-қасынан Мамаевтар да табылды.

 

– Мектепте өтетін шаралар мен «Мектепке жол» акциясы сияқты қайырымдылық істерінен «Алға, қазақ» шаруа қожалығы еш шет қалып көрген емес. Қожалық иесі Тілекжан Мамаев әр кезде ұсынысымызға құлақ асып, көмек көрсетіп келеді. Ол ауылға қайырымдылығымен, елгезектігімен танылған азамат. Әкенің ісін бұл жолы ұлы жалғады. Яғни, Ғаділжан мен ақтаулық келініміз Айдана екеуі жұбайлық өмірлерін сауапты істен бастады. Олар мүмкіндігі шектеулі төрт балаға қысқы киім мен тәттілер табыстап, көп балалы, аз қамтылған үш отбасыға азық-түліктен көмектесті, - дейді Ш.Жексенбаев атындағы мектептің әлеуметтік педагогы Ақылай Сәлменова.   «Әке көрген оқ жонар» демекші, ата жолын жалғаған жақсы ұлдың бастамасына ел сүйсінді. Оған ауыл әкімі Бақытжан Оразғұлов алғысын жеткізсе, ауыл имамы Ерболат Имашов ақ батасын берді.