21 Қараша 2019
111

Теректілік ауыл шаруашылығы саласы қызметкерлері марапатталды

Теректі ауданы орталығындағы мәдениет үйінде ауыл шаруашылығы қызметкерлері күні аталып өтілді.

 

 

Жер қадірін біліп, тынбай еңбек ететін шаруалар сахна төрінде марапатталып, аудан әкімі Әділ Жоламанов құттықтады. Мерекелік шарада "Ақас" шаруа қожалығының қызметкері Серікбай Жасыбаев "Үздік аграном", "Шарақап" шаруа қожалығының жұмысшысы Қажмұрат Абдрахманов "Үздік механизатор", Шалқар ауылдық ветучаскісінің ветеринары Уахит Нұрмұханбетов "Үздік ветеринар", "Балакирев" шаруа қожалығының қызметкері Есқабыл Жақсығалиев "Үздік комбайыншы", "Баемиров" шаруа қожалығының жұмысшысы Назир Давлетьяров "Үздік зоотехник", долиндік "Сапар" шаруа қожалығы "Үздік бау-бақша шаруашылығы" атанды.

 

 

Бірқатар жерлесіміз БҚО ауыл шаруашылығы басқармасының және аудан әкімі Әділ Жоламановтың алғыс хаттарына ие болды. Теректілік ауыл шаруашылығы саласының қызметкерлерінің бағы бес елі деуге болады-ақ. Себебі олар әдемі концерттік бағдарламаның куәгері болды. Теректі аудандық мәдени-демалыс орталығы өнерпаздары дайындаған концертте әннің дені жанды дауыста шырқалды. Сахна төрінде Айбек Дәулетқалиев, Сағидолла Изделеев, Камшат Қадірғалиева, Қайрат Сағидуллин, Гүлайым Аманова және "Үш қоңыр" триосы туған жер, ауыл тақырыбындағы әндерді орындады.