05 Желтоқсан 2019
212

Қосшыда 12 отбасыға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған

Тасқала ауданының Қосшы ауылдық округінде аудан әкімінің орынбасары Аян Халауедин ауыл тұрғындарымен кездесті.

 

 

Жиынға «Nur Otan» партиясының Тасқала аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Люция Жұбанышқалиева мен бөлім басшылары қатысты. Жиында ауылдық округ әкімі есеп берді. Ауылдың әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері менатқарылған жұмыстар баяндалды.

 

-Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев өткен жылдың соңында 2019 жылды – Жастар жылы деп бекіткен болатын. Осыған орай ауылда бірнеше шара жүзеге асты. Әсіресе «Бастау Бизнес» кәсіпкерлік негіздерін оқыту жобасы арқылы нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы іс жүзінде іске асты. Бұл бағытта жастар өз алдына қайтарымсыз грант алып, кәсіптерін ашуға қол жеткізді. Сондай-ақ «Nur Otan» партиясының қолдауымен жыл басынан бері оқуға қабылданған 9 азаматтың алтауы өз ісін ашуға грант пен микрокредит алды. Жалпы жыл бойы 70 адам жұмысқа орналасты. Округ бойынша атаулы әлеуметтік көмек 12 отбасыға тағайындалды, - деді ауыл әкімі Мұхтар Таңатжан.

 

 

Ауыл әкімімен қатар мал дәрігері және учаскелік полиция инспекторы да тұрғындар алдында есеп берді. Айта кетейік, округте 4 376 ірі қарадан қан алу жұмыстары жүргізіліп, сарып ауруына шалдыққан мал иелерінің қораларына дезинфекция жасалған.

 

Учаскелік полиция қызметкерінің берген мәліметіне сүйенсек, 11 ай ішінде екі қылмыстық іс тіркеліп, екеуі де ашылған. Қоғамдық тәртіпті сақтамағаны үшін 69 әкімшілік құқық бұзушылық хаттама толтырылып, 68 313 теңге айыппұл салынған.

 

Одан әрі Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Батима Кентоғаева 2020 жылдан бастап көп балалы отбасылардың балаларына, табысқа қарамастан берілетін мемлекеттік жәрдемақы жөнінде тілге тиек етті.

 

Кездесу барысында Л.Жұбанышқалиева партияның жаңа мүшелеріне партия билеттерін табыстады. Жиын соңында аудан әкімінің орынбасары мен мекеме басшылары тұрғындарды жеке сұрақтары бойынша қабылдады.