05 Желтоқсан 2019
193

Лотереяға автокөлік тігілді

Бөкей ордасы ауданына қарасты Саралжын ауылында жеке кәсіпкер Оралхан Байғуатовтың «Хан» дүкені ашылды.

 

 

Аталмыш дүкеннің ашылу лентасын көрші Ұялы ауылдық округінің әкімі Бақытжан Оразғұлов пен ардагер ұстаз Маруся Қабденова қиды. Осы игі шарада орай лотерея ойнатылып, бас жүлдеге ресейлік ВАЗ-2114 автокөлігі тігілді. Бұл күнгі лотерея ұтысы ауыл тұрғыны Мәди Өтешовке бұйырып, ол жеңіл көліктің иесі атанды. Сондай-ақ басқа да ауыл тұрғындары бағалы сыйлықтарға ие болып, кәсіпкерге өз ризашылықтарын жаудырды.

 

Шара барысында сөз алған ауыл әкімі Ерлан Ермекқалиев жеке кәсіпкердің ел үшін жасап жатқан жұмыстарына тоқталып, кәсібінің өрге басуына тілектестігін білдірді.

 

-Ауыл азаматы, жеке кәсіпкер Оралхан Мәуленұлы қашанда ауыл тұрғындарына өз көмегін көрсетіп, елдегі игі бастамалардың басы-қасында жүретін жомарт жан. Әр уақыт ауылда болып жатырған қоғамдық шаралардан да қалыс қалмай, ауылымыздың өркендеуі үшін бар күш-жігерін салып жүргенін айта кетелік. Ауыл азаматының жарқын бастамалары мен жетістіктері көп болғай, - деді Саралжын ауылдық округінің әкімі Ерлан Нұрболатұлы шара соңында.