05 Желтоқсан 2019
384

Адал ұрпақ – кемел болашақ

Ұлы дана Абай: «Адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады» - деген сөздерінде үлкен мағына бар. Бүгінгі дамыған заманда ең басты құндылық, қазіргі уақыттың басты қаруы – білім.

 

 

Десе де, әлем мойындаған осы ғылым – білімнің өз елімізде қарқынды дамуына, биік белестерге шыңдауына кедергі туғызатын құбылыстың бірі – қоғамдағы сыбайлас жемқорлық көріністері. Соңғы жылдары аталмыш салада кең таралған осы келеңсіздіктердің алдын алу, жалпы адамгершілік және ұлттық құндылықтар аясында өскелең ұрпақтың бойына сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, оған төтеп беретін тұлғаларды тәрбиелеу бағытында Бөрлі колледжінде «Адалдық сағаты» өтті. Оқу орнының білім алушылары мен ата-аналар, оқытушылар қауымының қатысуымен өткізілген басқосуда өз ойларымен Бөрлі аудандық мәслихатының депутаты Қ.Ермекбаев, ауылдық округ әкімі Б.Макеев, еңбек ардагерлері бөлісті. Колледж басшысы М.Утемуратов білім ошағында қалыптасқан ашықтық, жариялылық ұстанымдары негізінде жүргізілетін жұмыс туралы баяндап, сапалы білім, өнегелі тәрбиеніңмаңыздылығын сөз етті.

 

Қазіргі уақытта білім беру жүйесінде сыбайлас жемқорлықты жою, одан бас тарту ортасын қалыптастыру мақсатында белсенді жастар қатысуымен «Адал ұрпақ» жобалары, кеңселері еліміздің 26 колледжінде, 2 университетінде өз жұмысын бастады. Өңіріміздегі білім ошақтарында ашылған адалдық дүкендері де өскелең ұрпақты ар – намыстан аспауға жетелейді. Бөрлі колледжінің парасатты студенттері, ізденімпаз жас оқытушылары жетекшілігімен жуырда «Адал ұрпақ» еріктілер клубы ашылмақ.