12 Желтоқсан 2019
738

Бес ауданда инватакси қызметі жұмыс жасайды

Мүмкіндігі шектеулілерді әлеуметтiк қорғауды қамтамасыз ету «Қазақстан Республикасында мүгедектердi әлеуметтiк қорғау туралы» Заңының негізінде жүзеге асырылуда.

 

 

Батыс Қазақстан облысы бойынша жалпы мүгедектер саны 24 445 адам. Бұл облыстағы барлық халық санының 3,7%. Оның ішінде І топ мүгедегі – 2 873 адам, ІІ топ мүгедегі - 9 715 адам, ІІІ топ мүгедегі - 9 114 адам. Мүгедек бала саны  - 2743.

 

БҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мүгедектер істері жөніндегі бөлімінің басшысы Миргуль Құрманбаеваның айтуынша, мүгедектерді медициналық оңалтуда тірек-қимыл аппараты бұзылғандар жаңа протездік-ортопедиялық құралдармен қамтамасыз етілді. 970 мүгедек санаторий-курорттық оңалтудан өтті. Сонымен қатар барлығы 291 тірек-қимыл аппараты бұзылған мүгедектерге кресло-арбалар, 1 264 есту және көру қабілеттері нашар мүгедектерге сурдо және тифлотехникалық құралдар, сондай-ақ 2 794 мүгедек міндетті гигиеналық құралдармен қамтамасыз етілді. 221 адамға ымдау тілі маманы мен 1 379 адамға жеке көмекші қызметі көрсетілген.

 

Облыс бойынша әлеуметтік және көлік инфрақұрылымы объектілерінің саны 1 737 бірлік. Оның 1737-ге паспорттау жүргізілді.

 

Бүгінгі күнге мүмкіндігі шектеулі адамдарға қолжетімді орта құру мақсатында Жол картасы бекітілді.

 

Облыс бойынша мүгедектерге қызмет көрсетуге бейімделген мекемелер орналасқан жерлерге 693 жол белгісі және жол сілтегіштер орнатылды. Жаяу жүргіншілер өтетін жолдарға 70 дыбысты қондырғы қойылды.

 

Орал қаласының автобус маршруттарында жеңіл арбалармен жүретін мүгедектердің мініп-түсуіне бейімделген едендері аласа 60 автобус қызмет көрсетуде.

 

Әлеуметтік тапсырыс шеңберінде мүгедектерге бейімделген көлік құралдарын пайдалана отырып тасымалдау бағытында Орал қаласында және Ақжайық, Бөрлі, Жаңақала, Теректі, Шынғырлау аудандарында 2019 жылы инватакси қызметі іске қосылды. Барлығы 104,5 млн. теңге бөлініп, 39 автокөлік 5 бағыт бойынша 4 225 адамға инватакси қызметі көрсетілді.

 

Телебағдарламаларды сурдоаудармамен сүйемелдеу жұмыстары «AQJAIYQ» телеарнасында жоспарлы түрде күніне 2 рет, екі тілде жүргізілуде.