27 Желтоқсан 2019
2917

Жаңақалада да әкім шыршасы өтті

Шығыс күнтізбесі бойынша 2020 жыл – Тышқан жылы. Жаңа жыл, әсіресе, балалар үшін орны бөлек мереке. Олар үшін әсем шыршаны айнала ән салып, би билеп, ойын ойнаудан, Аяз атаның қолынан тәтті тағамдарға толы сыйлық алудан асқан қуаныш жоқ.

 

 

Міне, бүгін де Жаңақала мектеп-гимназиясына ауданымыздың әрбір елді мекенінен және аудан орталығынан балалар жиналды. Бұл – жартылай жетім және әлеуметтік аз қамтылған, көп балалы отбасыларының балалары және аудан мақтаныштары мен жарыс жеңімпаздары еді. Нақтырақ айтсақ, 21 мектептен 25 бала қатысты.

 

Шарада кішкентай бүлдіршіндер мен мектеп оқушыларын аудан әкімі Наурызбай Қарағойшин құттықтап, ізгі тілегін білдірді.

 

 

- Бұл мереке тек балалардың ғана мерекесі емес, үлкендер де оны ерекше үмітпен, соны жаңалықтарымен күтері сөзсіз. Жоспарлары мен армандарын тоғыстырып, жаңа ықыласпен, игі тілектерімен Жаңа жылға қадам басады. Құрметті ата-аналар мен ұстаздар, балаларды аялаңыздар, жақсы көріңіздер! Өйткені, олар біздің ертеңіміз һәм болашағымыз. Баршаңызға денсаулық пен бақыт, оқуда озаттар қатарында болып, өмірде аңсаған армандарыңа жетіп, еліміздің еңсесін тіктей түсуге сүбелі үлес қосуларыңызға тілектеспін,- деді ол өз сөзінде. Әрі аудан әкімі шырша тойына жиналған балаларға жаңажылдық сыйлықтарын табыстады.

 

 

Аудан басшысы балғындармен бірге Аяз ата мен Ақшақарды ортаға шақырып, мерекенің шырайын кіргізіп, балалармен бірге шыршаны айналды. Ал балақайлар өнерлерін көрсетіп, ән салып, би биледі. Бұдан бөлек концерт барысында әсем әндер шырқалып, балақайларға ұмытылмас әсер сыйлады. Әртүрлі кейіпкерлердің қатысуымен өткен мерекелік шара кішкентай қонақтардың көңілінен шықты. Мерекеге келген әрбір бүлдіршіннің балғын жүзінен қуаныштың ұшқыны мен шаттықтың лебі анық байқалып тұрды. Сондай-ақ балалар мультфильмдердің кейіпкерлерімен би билеп, ойын ойнады. Бұл ғажайып сәттен кейін балақайлар тәтті сыйлықтарға ие болып, соңы арнайы жайылған дастарханға ұласты.