22 Қараша 2018
663

Тақсай ханшайымы табылған жерден музей ұйымдастыруға болады - тарихшы

Оның айтуынша, Елбасы «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында барша тарихшыларға жаңа міндеттер жүктеп отыр. Президент атап өткеніндей, «Ұлы даланың ұлы өркениеттері» атты жалпыұлттық тарихи реконструкциялар клубын құрып, соның негізінде Астанада және Қазақстанның өзге де өңірлерінде ежелгі сақтар, ғұндар, ұлы түркі қағандарының дәуірі және басқа да тақырыптар бойынша фестивальдар өткізуге болады. Бұған қызығушылық білдірген адамдарды тарта отырып, осы тақырыптар аясындағы жұмыстарды бір мезгілде жүргізуге болады». «Осы орайда Батыс Қазақстан облысы, соның ішінде Теректі ауданы тарихи ескерткіштерге бай. Соның жарқын көрінісі - Қазақстанның киелі орындарының қатарына енгізілген Тақсай қорған кешені», - дейді Әлия Тұнықова.

Долинный ауылы маңындағы Тақсайдан Алтын ханшайымның табылуы Теректіні күллі ғылыми әлемге мәлім етті. Ежелгі сармат дәуіріне жататын ақсүйек әйелдің жерленген орнынан алтын бұйымдар мен зергерлік әшекейлердің табылуы мұндағы мәдениет деңгейінің жоғары болғандығын көрсетеді. Сарматтардың салт-дәстүрі мен діни наным-сенімінен хабардар етеді. Елімізге танымал археолог, тарих ғылымдарының докторы Мұрат Сыдықов Қазақстанның батыс өңірін ежелден көшпелі тайпалардың мекендегенін үнемі айтып келеді. Міне, сол тайпалардың заңды мұрагерлері - қазақтар. «Биыл меценаттардың қолдауымен алтын ханшайымға кесене орнатылды. Енді осы жерден музей ашу жөнінде әңгіме қозғалуда. Несі бар, мұндай тарихи орынды болашақта түрлі фестивальдер өткізетін музейге айналдыруға толық болады. Сонымен қатар Теректі ауданындағы қазіргі Подстепный ауылы арқылы Ұлы жібек жолы өткені белгілі. Кезінде ол Менялый двор деп аталған екен. Мемлекет басшысының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы осындай тарихи орындарды тыңғылықты зерттеуге жол ашып отыр. Оған өз үлесін қосу - барлық тарихшылардың, елім деген азаматтардың борышы», деді ҚазАқпарат тілшісіне Ә.Тұнықова.