23 Қараша 2018
648

Бөкей ордасына салынатын жол жобасы әзір

 

Жобалаушылар жиылғандарды республикалық маңызға ие бұл жол жобаның «Өнеге-Бисен-Сайқын» бөлігімен таныстырып, қойылған сұрақтарға жауап берді. Жалпы ұзындығы 103 шақырымдық бұл бөліктің Тайғара тұсына аялдама, жолдағы қыстақтарға бару үшін бұрылыстар салу қарастырылған. Сондай-ақ, Бисен, Орда, Мұратсай жол қиылыстарына демалыс алаңы, әжетхана, жүк және жеңіл көліктер тұрағын, эстакада тұрғызу көзделіпті. Зейнеткерлер Чарльз Қойшыбаев, Меңдібай Қаресов, Надежда Әменова, эколог Ғарифолла Бисенғалиев, қызметкер Уағиолла Нұрғалиев жол бойындағы жанар-жағар май құю, техника жөндеу орындары, су жиналатын тұстарға тұрба төсеу жайын қозғап, сауал тастаса, аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысы Бисенбек Насимоллин республикалық жол мен облыстық, аудандық маңыздағы жолдардың айырмашылығын түсіндіріп, ауылішілік жолдарды жақсарту бағытында қолға алынып жатқан жұмыстар жайынан біраз мәлімет берді.

 

Қоғамдық тыңдауды қорытындылаған аудан әкімінің орынбасары Рүстем Мүлкайұлы жобалаушыларға рақмет айтып, білдірілген сын-ескертпе, ұсыныстарды (оның ішінде Сайқындағы демалыс алаңын жылжыту, жобада көрсетілмей қалған бір тұсқа тұрба салу бар) аяқсыз қалдырмауды тапсырды.   Бұдан басқа жолдың Хан ордасы айырығына орнатылар белгінің макетін ұсынып, айнытпай тұрғызып беруді сұрады.

 

Каримолла ҒАЙСИН,Бөкей ордасы ауданы

zhaikpress.kz