23 Қараша 2018
566

Архивтік деректерді ғылыми айналымға енгізуде тарихшыларға зор жауапкершілік жүктеледі - ғалым

Оның айтуынша, Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласының ең басты ерекшелігі - қазіргі заманғы цифрлық технологиялар кезеңінде  қазақ елінің  ұлттық тарихын жаңаша тұрғыдан зерделеуге, тарихи-мәдени ескерткіштерін сақтауға және ұлтымыздың рухани мұрасын бүкіл әлемге танытуға арналғандығы. «Мемлекет басшысының осыған дейінгі бастамасымен жүзеге асқан «Мәдени мұра» бағдарламасы тарихымыздағы ақтаңдақтарды жоюға, жаңа деректерді жинақтауға мүмкіндік тудырды. Президенттің өткен жылғы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы да осы мәселелерге тағы бір қозғау салды. «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласындағы келелі ойлар Елбасы идеяларының заңды жалғасы деп есептейміз. Қоғамда мемлекетшілдік сананы орнықтыру үшін тарихи сананы дамыту қажет.  Осыған сәйкес Мемлекет басшысы бұл мақалада тарихи сананы жаңғыртуды басты мақсат ретінде қойып отыр», - дейді Есқайрат Ерболатұлы. Президент Н.Назарбаев өзінің тұжырымдамалық мақаласында ұлт тарихын ұлықтау бағытында «Архив - 2025», «Ұлы даланың ұлы есімдері», «Түркі әлемінің генезисі», «Ұлы даланың ежелгі өнер мен технологиялар музейі», «Дала фольклоры мен музыкасының мың жылы», «Тарихтың кино өнері мен телевизиядағы көрінісі» сияқты нақты жобаларды болашақта жүзеге асыру керектігін атап көрсетті.  «Архив - 2025» жеті жылдық бағдарламасы жүзеге асырылған жағдайда  тарихи тың деректерді жинастыруда, жүйелеуде үлкен көмек болатынына сенімдіміз. Қазақ тарихына қатысты деректерді архивтерден тауып, оларды ғылыми айналымға енгізуде тарихшыларға зор жауапкершілік жүктеледі. Тарихшы ғалымдар бұл бағдарлама аясында Ресей, Қытай, Өзбекстан секілді мемлекеттердің  архивтерінде дерек жинау жұмыстарын жоспарлы түрде жүргізер болса, Қазақстан тарихын зерттеуде серпіліс болары анық. Президент халықты тарихқа құрметпен қарауға, өткеннен сабақ алуға шақырады. Осындай игі істер тарихи санамызды жаңғыртып, өткенімізді тағы бір ой елегінен өткізуге мүмкіндік береді.  Ал тарихи сананы жаңғырту ұлттық сананың оянуына, оның жаңа заман талаптарына сай қалыптасуына жол ашады.  Қазақ тарихы ғылымы да еліміздің ертеңгі дамуына, оның тәуелсіздігінің ғұмырлы болуына жауапты. Оған ұлтымыздың бай тарихы мен Елбасының қолдауы толық мүмкіндік береді», - деп түйіндеді ойын тарихшы-ғалым.