26 Қараша 2018
565

«Әділет кеңес береді» акциясы аясында «Нұр отан» партиясы қоғамдық қабылдау өткізді

 

Акция мақсаты – тұрғындарға құқықтық кеңес беру, бұқара мен партия органдарының байланысын нығайту. «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалының қоғамдық қабылдау бөлімінің меңгерушісі Гауһар Шайхиниязованың айтуынша, республика бойынша «Әділет кеңес береді» акциясы 2008 жылдан бері әр тоқсанға бір рет тұрақты ұйымдастырылып келеді.

 

– Бүгін белгіленген уақыт кестесіне сай партияның облыстық және аумақтық филиалдарында қабылдау өтіп, құқықтық кеңес сұрап 59 адам жолықты. Оларға әділет құрылымдарының басшылары, заңгерлер палатасының мамандары, нотариус қызметінің өкілдері мен адвокаттар жауап берді. Сауалдардың дені – жер телімдері мен тұрғын үйлерді рәсімдеуге қатысты және несие берешектері туралы.

 

Мәселен, «Нұр Отанның» облыстық филиалына келген Зүлфия Таумағамбетова әкесінің қайтыс болуына байланысты Теректі ауданындағы үйді інісінің атына рәсімдеу үшін қандай қарекет жасау керектігін сұрады. Заңгерлер сот құрылымына жолығу қажеттігін, сот шешімі негізінде ғана баспананы иеленуге болатынын түсіндірді. Қала тұрғыны У.Жұмашова зейнеткер санаты бойынша үй кезегіне тұрғысы келетінін жеткізді. Оған қажетті құжаттарын жинақтап халыққа қызмет көрсету орталығына бару керектігі айтылды. Қабылдау барысында адвокаттар өтінішті рәсімдеуге көмектесті, – деді Гауһар Шайхиниязова.

 

Оның айтуынша, облыс бойынша жыл басынан бері «Нұр Отан» партиясының жергілікті филиалдарында қоғамдық қабылдаулар тұрақты ұйымдастырылып тұрады. Партияның қоғамдық қабылдау бөлімдеріне тұрғындардан ауызша және жазбалай 3 112 өтініш келіп түссе, оның 1088-і немесе 35 пайызы оң шешімін тапқан. Азаматтар әсіресе, жұмыспен қамту, үй немесе жер телімдерінің құжатына қатысты, әлеуметтік қорғау және тұрғын үй - коммуналдық шаруашылығы бойынша жиі шағым түсіреді. Гауһар Шайхиниязова қоғамдық қабылдау бөлмесінде аптаның әр жұма күні сағат 10.00-де заңгерлер тегін кеңес беретінін айтты.

Нұртай ТЕКЕБАЕВ,

zhaikpress.kz