30 Қараша 2018
671

БҚО-да цифрландыру бойынша 40-тан астам жоба жүзеге асуда

 

Оның жұмысына Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Асқар Жұмағалиев, облыс әкімі Алтай Көлгінов, «ҚПО б.в» компаниясының бас директоры Эдвин Блом қатысты.

 

Басқосуға қатысқан Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Асқар Жұмағалиев Елбасының қолдауымен елімізде жүзеге асып жатқан «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасының тиімділігіне тоқталды. Оның айтуынша, цифрландыру арқылы мемлекеттік органдарда халыққа көрсетілетін қызметтердің, шағын және орта кәсіпкерлікке жататын кәсіпорындар жұмыстарының тиімділігін арттыру көзделген.

 

«Жаңа технологияларды енгізу арқылы мемлекеттік қызмет көрсетуді оңтайландырып, жұмсалатын уақытты қысқартып, жеке және заңды тұлғалардың мемлекеттік қызмет алу барысындағы шығынды азайтуымыз керек. Кеше БҚО-дағы цифрландыру жобаларымен танысқанымызда, мемлекеттік қызмет көрсетуді оңтайландыратын жобалар қатты ұнады. Бұл мәселеге Елбасы үлкен мән-маңыз беріп отыр. Елбасы мемлекеттік қызмет көрсетуді 2019 жылы 80%, 2020 жылға қарай 90% цифрландыруды тапсырды. Біз бұл тапсырманы орындаймыз», - деді Асқар Жұмағалиев.

 

Оның айтуынша, БҚО-да ауыл шаруашылығы саласын цифрландыру жұмыстары жүруде, бірқатар цифрлық технологиялармен жұмыс істейтін шаруашылық пен кәсіпорын бар.

 

«Жоспар бойынша 2022 жылға дейін ауыл шаруашылығы саласының 100-ден астам кәсіпорын-шаруашылықтар цифрлық технологияларға көшулері тиіс. Облыс әкімдігі және агроөнеркәсіп кешені бұл тұрғыдан сенім үдесінен шығады. Бүгін экономиканы цифрландырудың нақтымысалдары айтылады. Үкімет барлық бастамаларға мейлінше қолдау көрсетеді. Өндірісшілермен сөйлескенімізде цифрландыруға көшуде адамдар мен инфрақұрылымдарға қатысты түйткілдер шығатынын естідік. Адамға қатысты бірқатар бағдарлама бар. Инфрақұрылымдарды дамыту бүгінде аса маңызды. Кең жолақты интернет тұрғындарға, кәсіпорындарға керек. Сондықтан ауқымды жобаны қолға алдық», - деді А. Жұмағалиев.

 

Форумда сөз алған облыс әкімі Алтай Көлгінов «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы бойынша жүзеге асып жатқан жұмыс-жобалар жайында әңгімеледі. Ақ Жайық өңірінде экономиканың басты салаларында цифрландыру бойынша 40-тан астам жоба жүзеге асырылуда. Оның айтуынша, БҚО денсаулық сақтау саласында қанатқақты жобаны қарқынды жүзеге асуда. Бүгінде Орал қаласы мен аудандардың орталықтары 100% ақпараттық жүйемен қамтылған және 121 есеп беру формасының 106-сы қағазсыз, электрондық түрде жүргізіледі. Қала тұрғындарынің электронды денсаулық паспорттары жасақталған, сондықтан дәрігер бұрынғыдай қағаз жазып отырмайды, алтын уақытын «басы ауырып, балтыры сыздап» келген адамға бөледі. Соның арқасында дәрігердің пациентті қабылдайтын 15 минуты жарты сағатқа ұзарды. Жедел медициналық жәрдем бригадалары планшеттермен және GPS навигаторлармен қамтамасыз етілген, басқару жүесінің автоматтандырылуы арқасында жедел жәрдемнің шақырту бойынша келуі 12 минуттан 9 минутқа дейін, яғни 3 минутқа қысқарған. Сонымен қатар барлық емханаларда электронды кезекті басқару жүйесін енгізу ем-дом алуға келген тұрғындардың ағынын реттеп, дәрігерге кезекпен кіру уақытын жарты сағаттан 15 минутқа дейін қысқартты.

 

Білім беру саласындағы балабақшаға кезекке тұру және балабақшаға қабылдау үрдістері автоматтандырылып, бұл жүйе адам қатысынсыз, ашық өтетін болды және тұрғындарға қолайлы жағдай туғызды. Облыстағы мектептердің 58,6 %-ы интернеттен қалыс қалған шалғайдағы шағын мектептер, биылғы қыркүйек айында 225 шағын мектеп 100%-ға Bilimbook компьютер-трансформерлермен қамтылды.

 

Облыс әкімі ВІМ технологиясын қолданысқа енгізу жұмыстары жайына тоқтала келе, жаңа кардиологиялық орталықтың құрылысы 3Д жобалау бойынша жобаланып, салынатынын айтты.

 

Форум барысында ҚПО-ның жоғары оқу орындарының студенттерін қолдау, әсіресе, олардың технологиялық жобаларды жасақтау дағдыларын қалыптастыруға жағдай туғызуды көздейтін, әріптестікті нығайту жөніндегі меморандум қабылданды. Оған ҚР Білім және ғылым министрлігі, БҚО әкімдігі, «KazEnergy» ассоциациясы, «ҚПО б.в.» компаниясы қол қойды.

 

Цифрландыру форумында «KazEnergy» ассоциациясының мұнайгаз және энергетика салларын дамыту жөніндегі атқарушы директор Рүстем Қабжанов, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Абылай Оспанов, «ҚПО-ны цифрландырудың жол картасы» туралы ҚПО жобасын дамыту директоры Пьерлуиджи Амено, ҚПО жобасының өзара әрекеттестік және интеграциясы менеджері Мауро Мартуфи және өзгелері сөз қозғады.

 

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА,

zhaikpress.kz