30 Қараша 2018
341

Бөкей ордасында ірі қараға электронды сырға тағады

 

Бөкейлік өнертапқыш Саян Баятов Зеңгі бабаның төліне электронды ен тағып, ұялы телефон арқылы түгендеп отыратын болды. Негізгі мамандығы ағылшын тілінің маманы. Информатика мен ағылшын тілін жетік білетін Саян жаңа технологияны тануда, заманауи құрылғыларды зерттеп білуге аса құмар. Жаңаны білмекке деген қызығушылығы Саянды текке отырғызбады. Алдымен ескі смартфоннан қой бағатын құрылғы жасап, оны серкенің мойнына тағып, отарын телефон арқылы бағуды қолға алды. Жас өнертапқыш Саян Арсанұлының бұл жаңалығы туралы облыстық газет «Малды телефон арқылы бағуға болады» деп («Орал өңірі», 13 қазан 2018 жыл) жар салған-ды.

 

Семинарға қатысушылар ханордалық жас кәсіпкер Саян Баятовтың радиожиілік технологиясын пайдалану арқылы малдың сырғаларын арнайы құрылғының (таяқша) көмегімен 30 см-н 3 метр жерден оқып, ақпаратты өңдейтін компьютерге (немесе ұялы телефонға) түсіруге болатыны жайындағы әңгімесін қызыға тыңдап, сызбаларды, қондырғыларды көзбен көрді. Түстен кейін «Арсан» шаруа қожалығына барып, ондағы баспақтардың сырғаларын оқу арқылы жаңа технологияның пайдасына куә болды.

 

– «RFID технологиясын қолдану бағыттары өте көп, мысалы, үлкен қоймаларда заттың ішін ашып қарамай-ақ, траншвер арқылы өткізіп шығып тез арада санап алуға болады,- деген С.Баятов ауылдастары мен ауданнан келгендерге егжей-тегжейлі түсіндіріп берді.

 

Малды компьютерге тез түсіру, есебін тиянақты жүргізумен қатар, тұқымын жақсарту, тауарлы сүт өндіру, бордақылау, тағы басқа іске септігі мол қондырғының болашағы зор. Сондықтан да облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы Саян Арсанұлының жобасын өңірдегі тың жоба ретінде бағалап, «Даму» қорының 2 млн. теңгелік қайтарымсыз грантын беруге шешім қабылдаған.

 

«Арсан» шаруа қожалығының мал қыстағында құдықта да күн батареялары орнатылғандығын байқадық. Кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Серік Айтқалиев мұндай қондырғы құнының 80%-ын мемлекет көтеретінін айтты. Яғни, субсидия береді.

 

Каримолла ҒАЙСИН,

Бөкей ордасы ауданы

zhaikpress.kz