10 Желтоқсан 2018
717

БҚАТУ-дағы бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне 850 түлек қатысты

 

Университет ректоры Асқар Наметов «Батыс Қазақстан машина жасау компаниясы» АҚ мен «Kazkon» кондитерлік фабрикасының басшыларымен серіктестікті дамыту меморандумына қол қойды. Сонымен қатар «Серпін-2050: Мәңгілік ел жастары – индустрияға» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында 3 кәсіпорынмен 6 студентті тәжірибеден өткізу және жұмысқа орналастыру бойынша келісім-шарт жасалды. «АкТеп» ЖШС «Мал шаруашылығы өнімдерін өндіру технологиясы» мамандығының түлектерін, «Kazkon» кондитерлік фабрикасы болашақ технологтарды, «Орал трансформатор зауыты» ЖШС басшылығы «Политехникалық» факультет студенттерін өндірістік тәжірибеден соң тұрақты жұмысқа алатындарын айтты.

 

– Мұндай шаралар түлектерді жұмыспен қамтып қана қоймайды, жұмыс берушілер де білікті маман даярлауда оқу жүйесіне қажет ұсыныстарын білдіре алады, - дейді Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың Студенттер контингентін қалыптастыру және мансап орталығының директоры Ізімғали Жұбантаев.

 

Соңғы үш жыл ішіндегі 3366 түлектің 2663-і тұрақты жұмысқа орналасқан. Биылғы оқу жылында 1005 түлек болса, олардың көпшілігі қазірдің өзінде сұранысқа ие және мамандықтары бойынша қызмет етуде.

 

Өткен оқу жылында «Экономика және бизнес» факультетінде құрамына Ұлттық банкпен бірге 12 банк филиалдары және Мемлекеттік кірістер департаменті енетін қамқоршылар кеңесі құрылған еді. Аталған мекеме қызметкерлері студенттерге дәріс жүргізіп, жыл соңында 10 студент банк филиалдарына тұрақты жұмысқа орналасты. Мұндай қамқоршылар кеңесі басқа факультеттерде де құрылуда.

 

Жайнагүл САҒИДОЛЛАҚЫЗЫ,

БҚАТУ Медиа орталығының маманы