10 Желтоқсан 2018
326

БҚО-ға қарасты Бөкей Ордасы ауданына әуе қатынасы ашылмақ

5 бірдей музей жұмыс істеп тұр. Осы тарих тұнған өңірді туристерге таныту жағы жолдың жоқтығына байланысты кенжелеп қалған еді. Келер жылы Елбасының тапсырмасымен тарихи мекенде жол құрылысы басталмақ. Ордалықтар өздерін тұңғыштар мекенінде тұрып жатырмыз деп санайды. Тарихи тұлғаларды айтпағанда, алғашқы қазақ мектебі, ауруханасы, қыздар училищесі, баспаханасы, тіпті банкі де осында ашылған. 1867 жылы салынған қазынашылық үйі қаз-қалпында сақтаулы. Қазақ сахарасындағы қаржылық операциялардың осы ғимаратта жүзеге асқаны тарихи құжаттармен дәлелденген. Назымгүл Оразгелдиева, Бөкей Ордасы тарихи-музей кешені директорының орынбасары: – Алдыңғы жылы Орынбор архивіне барып жұмыс жасаған кезде тағы құжаттар алып келдік. Оның ішінде «ссудная касса» деген болған екен. Сондай мәліметтерге, қарағанда банк мекемесі одан да бұрын жұмыс жасаған болу керек. Аудан тарихы Бөкей ханның есімімен тығыз байланысты. 1801 жылы Бөкей сұлтан Еділ мен Жайық арасын қоныстануға Павел бірінші патшадан рұқсат алады. Келер көктемде 5 мың түтінді бастап көшеді. Құм Нарынның қойнауы құтты болғаны сонша, 50 жылдан кейін халық саны 10 есе артып, 300 мыңға жеткен екен. 1826 жылы Жәңгір хан қала салуды бастайды. 1828 жылы Хан Сарайын салып бітірген. Елді отырықшылыққа үндеп, білім мен медицинаны дамытты. Құм тоқтату үшін қарағайлы орман отырғызды. Киелі мекенді көрген жанның әсері көл-көсір. Сейіткерей Төлешев, турист /Алматы/ – Ұялмай көрсететін тарихымыз бар. Елбасы да туризмді дамыту керектігін айтып жатыр. Жылына Хан Ордасы ауылына 16 мыңдай турист келеді. Әрине, бұл көп емес. Тарихы тұнған ауылды тамашалаймын деушілерді жолдың жайсыздығы тежеп тұр. Себебі 550 шақырым жолдың жартысы ғана асфальт. Келешекте осы олқылықтың орны толмақ. Елбасы тапсырмасымен келер көктемде жол құрылысы басталады.  Нұрлан Рақымжанов, Бөкей Ордасы ауданының әкімі: – Бұл 3 жылдық жоба болады. Бәрі ойдағыдай болса, 2021 жылдың аяғына дейін жол салу жұмыстары аяқталады деп күтілуде. Әрине, бұл тек мұражай кешеніне бару үшін ғана емес, күнделікті тұрмысымызға, жұмысымызға үлкен серпіліс береді деп есептеймін. Тарихымызды танытып, тұлғаларымызды дәріптеуге Елбасының жуырдағы мақаласында мықтап мән берілген болатын. Бұл тұрғыда туристерді тарту үшін шалғай ауданға әуе қатынасы да ашылмақ. Бүгінде шағын әуежайға керекті инфрақұрылымның есеп-қисабы жасалып жатыр. Ал ауылдағы мұражай кешені тарихи қорыққа айналмақ. Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Б. Жарылғасов
https://youtu.be/NKxH5mGgppU