12 Желтоқсан 2018
330

Телекөпір: Елбасына «Орал-Тасқала» автожолы бойынша есеп берілді

 

Аталмыш күрежолдың бойынан телекөпірге қосылған «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ  Басқарма төрағасы Ермек Қизатов Ресей мен Шығыс Еуропаға шығуға мүмкіндік беретін жол бойынша есеп берді.

 

-«Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру бойынша «Орал-Тасқала» автомобиль жолын қайта жаңғырту жұмыстары аяқталды. Екі жылдың ішінде өзге салалардан 1,5 мыңнан аса маман жұмысқа тартылып, 100 шақырым жол  жаңартылды. Алдағы уақытта жол бөлігінің өткізгіштігі екі мыңнан жеті мыңға дейін көтерілетін болады. Сонымен қатар, Қазақстан-Ресей шекаралық бекетінің көліктерді өткізу қабілеті 2 есеге артады. Осы жол «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізіндегі транзиттің өсуіне мүмкіндік береді. Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, Орал-Тасқала тас жолы іске қосылуға дайын. Қозғалысты бастауға рұқсат сұраймыз!», - деді Е.Қизатов.

 

Мемлекет басшысы автокөлік жолдары құрылысына алдағы уақытта да ерекше мән берілетінін атап өтті.

 

- «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында жол жөндеу жұмыстарын жылма-жыл қарқынды атқарып келеміз. Биылдың өзінде 500 шақырым жолды жөндеуді бастадық. Соның 450 шақырымын жылдың соңына дейін тәмамдадық. Қазір Президенттің «Нұрлы жол» бағдарламасына сәйкес аяқталған 104 шақырымдық күре жолды ашып тұрмыз. Бұл жолдың республикалық, халықаралық маңызы бар. Мұндай жолдардың жақсарғаны тұрғындардың өмір сапасын арттыруға, бизнесті дамытуға зор мүмкіндік береді. Инвестициялар және даму министрлігі, «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясымен бірге 285 шақырым республикалық маңызы бар жол жасалды. Облыс орталығында да жол жөндеу жұмыстарының қарқынын күшейтіп келеміз. Бұл мақсатта жыл сайын 7-8 миллиард теңге бөлінуде. Алдағы он жылдың ішінде Орал шаһарының тұрғындары 500 мыңға жетпек. Соған инфрақұрылым дайын болуы керек. Сонымен бірге экономикамызды дамыту үшін транзиттік потенциалды күшейту қажет. Қазір біз Саратовқа және Атырауға баратын жолды қосудамыз. Алдағы уақытта Саратов және Самара тасжолдарын қосамыз. Сонда әсіресе үлкен жүк тасымалдаушы көліктер айналма жолдармен өтетін болады. Сонымен бірге транспорт-логистикалық орталықтарды салу жұмыстары басталды. Шағын және орта бизнесті дамыту Президенттің біздің алдымызға қойған үлкен міндеті. Біздің облыс қазір республикада шағын және орта бизнестің қолайлы жағдайын жасау рейтингінде төртінші орынға ие болып отыр. Бұл Президент бағдарламаларының іске асырылуы, сондай-ақ біздің ашықтықты қамтамасыз ету және әкімшілік кедергілерді алып тастау, қызметтерді цифрландыру бағытындағы жұмыстарымыздың нәтижесі. Республикамызда 220-дан астам аудан болса, шағын және орта кәсіпкерліктің дамуына қолайлы жағдай туғызу бойынша біздің Теректі ауданы бірінші орын алып отыр. Ол біздің кәсіпкерлердің белсенділігі, мемлекеттің жасаған қолайлы жағдайының арқасы, - деді облыс әкімі Алтай Көлгінов.

 

Нұртас САФУЛЛИН

zhaikpress.kz