13 Желтоқсан 2018
588

БҚО-да жер телімі кезегінде 103 641 адам тұр

 

Биыл облыс аудандарында жеке үй құрылысы үшін 1934 жер телімі бөлінген. Соның ішінде Ақжайық ауданында - 329, Бөрліде - 527, Жаңақалада - 60, Жәнібек -11, Зеленов -394, Қазталовта - 19, Қаратөбеде - 60, Сырымда - 64, Тасқалада – 14, Теректіде -369, Шыңғырлау ауданында 87 жер телімі жалға берілген. Биылғы жылдың аяғына дейін «Нұрлы жер» бағдарламасымен облыс бойынша 2244 жер телімін беру жоспарланып отыр. Соның ішінде Бөрлі ауданында – 1045, Зеленовта – 239, Теректі ауданында – 960 жер телімі ұсынылмақ. Өкінішке орай, Орал қаласы бойынша әзірге жер телімдері берілмейді.

 

2017 жылы «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша Круглоозерный ауылы аумағынан жеке үй құрылысына 1141 жер телімі жоспары жасақталып, бекітілді. Бұл мақсатқа бюджеттен 15 миллион теңгеден астам қаржы қарастырылған. Инженерлік желілер тартылған соң, бұл жер телімдері кезекте тұрған азаматтарға кезек тізімі бойынша берілмек. 2019 жылдың соңына таман жаңа айтылған жер телімдерін беру жоспарланған.

 

-Елбасы Жолдауында жер қатынастары мен құрылыс саласындағы бюрократиялық рәсімдер өзекті мәселеге айналғанын, салада ашықтықтың жоқтығын айтып, жер қоры мен жылжымайтын мүлік нысандары туралы мәліметтердің бірыңғай ақпараттық базасын жасауды тапсырғаны белгілі. Осы мақсатқа орай және «Цифрлық  Қазақстан» бағдарламасы шеңберінде  облыстық жер қатынастары басқармасы www.zem.kzпорталын іске қосты. Онда конкурс және аукциондар арқылы ұсынылатын бос жер телімдерінің сызбалары, жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер телімдерін алуға кезекке тұрғандардың тізімі,  Орал және облыстың барлық аудандарындағы жер пайдаланушылар туралы мәліметтер орналастырылды. Айта кетсек, бұл   порталға электрондық цифрлық қолтаңбасы бар кез келген азамат кіріп, өзіне қажетті ақпараттарды ала алады. Сондықтан портал қарпайым тұрғындарға қолжетімсіз деген сөздің жаны жоқ, - деді Әлия Мұханбетжанова.

 

Ал биылғы қазан айынан бастап порталда электрондық саудалар өткізу үрдісі жасақталып, іске қосылған. Қазанның 5-інде Ақжайық ауданында жалға алу құқығын сату бойынша бірінші аукцион өткізіліп, коммерциялық мақсаттағы жер телімі ұсынылған. Одан кейін қарашаның 8-інде Қазталов ауданында электрондық аукцион өткізіліп, коммерциялық мақсаттағы 3 жер телімі өткізілген. Аталмыш басқарма басшысының сөзіне сүйенсек, алдағы уақытта барлық аукциондарды электрондық форматқа көшірілмек. Биылғы қараша айында Бөрлі, Тасқала аудандарында www.zem.kz  порталы арқылы 10,5 мың гектар болатын 10 жер телімін жалға алу құқығын ұсыну бойынша конкурс өткен.

 

Гүлбаршын Әжігереева,

© zhaikpress.kz