19 Желтоқсан 2018
634

Оралдағы Сарытау шағынауданында жаңа мектеп ашылды

Қолданысқа беріліп отырған №50 мектепте 900 бала оқиды. Екі ауысыммен оқыса, 1800 оқушыға дейін емін-еркін білім алады. Осы себепті Зашаған кентінде балаларды үш ауысыммен оқытатын №10 және 47 мектептерге қатысты мәселе шешілді. Елбасының осы бағытта қойып отырған талабын орындап отырмыз. Бұған қоса, келесі жылы Зашағаннан №51 мектеп ғимараты бой көтереді. Апатты жағдайдағы мектептерге де көңіл бөлудеміз. Келесі жылы Ақжайық ауданында 310 орындық мектеп-интернатының, Қазталовта 600 орындық мектептің құрылысы басталады. Тәуелсіздік күні қарсаңында есік ашқан жаңа мектептің ұжымына шығармашылық табыс тілеймін. Егемен еліміздің тірегі болатын, өзінің қалаған мамандығын игеріп шығатын шәкірттер түлеп ұшсын, – деді мектептің ашылуына қатысқан облыс әкімі Алтай Көлгінов. Салтанатты шарада мектеп құрылысын аяқтаған «Жиенбай» ЖШС-ның басшысы Александр Қарағойшин №50 мектеп директоры Мөлдір Ерсайынқызына жаңа ғимараттың символды кілтін табыс етті. Сарытаулық ардагер-ұстаз Мәрзия Аженова мен 11-сыныптың оқу озаты Даргүл Өмірзақова мектеп есігі алдында лентаны қиды.
Облыс әкімі Алтай Көлгінов бастаған топ мектеп ішін аралап, робот техникасы үйірмесінің мүшелерімен кездесті. Өнерлі балалардың қойылымына куә болды. Орал қалалық №50 мектепте 294 орындық акт залы бар. Ғимаратта екі спорт зал орналасқан. Алты мультимедиялық, екі информатика кабинеті жабдықталған. Ағаш және металл өңдейтін қос шеберханасы тағы бар. Дәліздері кең, терезелерінен жарық молынан төгіледі.
Айта кетейік, мектеп құрылысына Ұлттық қор мен жергілікті бюджеттен 1 888,1 млн. теңге қаражат жұмсалды. Екі жыл бұрын құрылысты «СВ плюс» ЖШС бастады. Бірақ мамандандырылған ауданаралық экономикалық соттың шешімімен «СВ плюс» компаниясына мемлекеттік сатып алу рәсімінде жауапсыздығы үшін мемлекет бюджетіне 5 784 579 теңге айыппұл өңдірілді. Аталған серіктестікпен келісімшарт бұзылған соң, 2018 жылдың 14 маусымынан басап, құрылысты аяқтау міндеті «Жиенбай» ЖШС-ға тапсырылды. «Жиенбай» қараша айында мектеп ғимаратын пайдалануға берді.

Нұртай Текебаев

© zhaikpress.kz