20 Желтоқсан 2018
763

Ақұштап Бақтыгереева: «Бұл марапат – Ақ Жайыққа алғысым»

 

Емен-жарқын әңгіме барысында Жайық өңірінің ақыны мен әкімі мәдениет, өнер, ұлттық рух төңірегінде ой өрбітті.

 

– Елбасының «Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» мақалалары бабалар тарихына оралу деп білемін. Бұлар ұлттың даналығы мен данышпандығын дәлелдейтін және тарихымызды әлемге танытатын үлкен бағдарламалар. Мұны ұрпақ бір ғасыр бойы аңсап күтті. Бағдарламаның жүзеге асуы үшін жастар жігері мен білімін арнауы тиіс. Өйткені, «Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» мақалалары ұлтты сүюдің негізі және егемен елдің тұғырын ұстап қалатын негізгі жол. Түркі дүниесінің терең тарихын білмеген ұлт көштің артында ілесіп жүргендей ғана болады. Елбасының бұл бастамаларында болашаққа үлкен бағдар, зор мақсат жатыр. «Әдебиет пен өнер ұлы болмаған жерде, ұлт та ұлы болмайды» дейміз. Себебі ұлттың тарихы таланттарының есімімен аталады. Мен «Туған жерге тағзым» дегенді ерте бастаған адаммын. Ата-бабамның  кіндік қаны тамған Ақ Жайыққа келіп, абыройын асқақтату мақсатында еңбектеніп жүрмін. Мемлекеттік сыйлыққа ие болғаныма өте қуаныштымын. Еңбегімнің еленгені деп білемін. Бұл марапатты осыдан 37 жыл бұрын Қадыр Мырза Әли ағам Алматыда, әдеби ортада жүріп алған еді. Ақ Жайық елінің мәртебесін, абыройын асқақтатқаным – елімнің мені түсініп, қолдағанына алғысым деп білемін, – деді ақын Ақұштап Бақтыгереева кездесуден кейін журналистерге берген сұхбатында.

 

Гүлсезім БИЯШЕВА,

суреттерді түсірген Александр Куприенко

© zhaikpress.kz