20 Желтоқсан 2018
491

Мұқырға табиғи газ келді

 

Аудан орталығынан шалғай орналасқан елдімекен халқының көптен күткен қуаныштары жүзеге асып, көгілдір отын жеткізілді. Аталмыш ауылға газ құбырын тартқан «БатысКотлоМонтаж» ЖШС жұмысты межелеген уақытында бітірді. Ауыл халқының қуанышына ортақтаса келген облыс әкімінің орынбасары Миржан Сатқанов:

 

-Мереке қарсаңында Мұқыр ауылына көгілдір отын жеткізіліп, тұрғындардың көптен күткен арманы орындалды. Татулықты ту еткен еліміз тәуелсіздік жылдары ішінде толағай табысқа қол жеткізді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тұрақты саясаты мен ішкі бірліктің арқасында мемлекетіміз қарқынды даму үстінде. Шалғай ауылдардағы халықтың тұрмысы түзеліп, заман талабына сай салынған әлеуметтік нысандар бой көтеруде. Соның бір дәлелі ауылдарыңызға газ құбыры және таза ауыз судың келуі. Көптен күткен қуаныштың зейнетін көріңіздер,-деді.

 

Мұқырдағы алғашқы көгілдір отынның алауын облыс әкімінің орынбасары Миржан Сатқанов пен еңбек ардагері Төлеген Құспанов жақты.

 

Салтанатты жиында аудан әкімі Н.Қарағойшин де құттықтау сөз сөйлеп, «БатысКотлоМонтаж» ЖШС-ның директоры Дамир Баймулдинге ауыл халқы атынан алғыс хат табыстады.

 

Қонақтар бірінші болып газ қосылған Мирас Сейітқалиевтың шаңырағына барды.

 

Алтынбек СЕРІКҚАЛИҰЛЫ,

Жаңақала ауданы

 

© zhaikpress.kz