03 Қантар 2019
539

Жаңажылдық жәрмеңке: ығы-жығы адам, қолжетімді баға, мол өнім

Жәрмеңкеге Жаңақала, Тасқала, Сырым, Зеленов, Теректі аудандарының және қала маңының ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері, ірі көтерме тауар жеткізушілері қатысты. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының есеп-қисабына сүйенсек, сауда-саттық барысында 31 сиырдың, 12 жылқының еті, 3 тонна балық, 100 мың дана жұмыртқа, 100 келі құс еті, шұжық, қалбырдағы балық, көкөніс, жеміс түрлері сатылған. Сонымен қатар облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес Жаңақала, Сырым, Қаратөбе, Бөкей ордасы, Бөрлі аудандарында да жаңажылдық жәрмеңке ұйымдастырылды. Қаратөбенің кейбір ауылдық округтерінде, мысалға, Аққозы, Сулыкөл округтерінде ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері өткен. Аудандардағы жәрмеңкелерде азық-түлікпен қатар мал азығы да саттыққа шығарылған.

 

Биыл күллі еліміз бойынша ең үздік аудан атанған Теректі ауданынан тауар өндірушілер жәрмеңкеге көбірек келген: жәрмеңкенің бір қатарын солар иемденіпті. Осы ауданнан келген  «Арман» шаруа қожалығы құс өсіреді екен. Шаруашылық өкілі Жасұлан Ермұқанов құс етінің келісін 1400 теңгеден сатқанын, әп дегеннен 20 данасын өткізгенін айтты. Өзі аязға тоңып қалса да, көңілді: «Аз қалды» деп қояды. Төрт түлік мал өсіретін «Аманжол» шаруа қожалығы екі жылқы, екі сиырдың етін әкеп, бас-аяғы екі сағаттың ішінде сатып түгесіген. «Кладовников» шаруа қожалығының картобын, орамжапырағы ән сағатта өтіп кетті. Жергілікті «Ақас» агрофирмасы, «Береке», «Жайық құс» ет компаниясы, «Валиев» ЖК-ның және өзге де өндірісшілердің өнімдері өз тұтынушыларын тапты. «Белес май комбинаты» кәсіпорны күнбағыс майының бес литрін 1650 теңгеден, бір литрілігі 330 теңгеден ұсынды. Тұрақтандыру қоры өкілдерінің айтуынша, жәрмеңкеде қант 215 теңгеден, күріш 185 теңгеден, қарақұмық 125 теңгеден сатылып, өтіп кетті. Картоптың келісі 55, қырыққабат 75, пияз 50, сәбіз 60 теңгеден сатылды.

 

Жалпы биыл ауыл шаруашылығы саласында жемісті жыл болды. Ит жылы наурыз айынан басталып, жаңа жыл қарсаңында соңғы нүктесі қойылған барлық 29 жәрмеңке бойынша 1128 тонна ауыл шаруашылығы өнімі, 175 тонна ет, 43 тонна балық, 599,6 мың дана жұмыртқа, 550 келі құс еті сатылды. Осының барлығын ақшаға салсақ, 368 миллион теңгеге шығады екен. Жәрмеңкелерге 80-ге жуық тауар өндіруші өздерінің адал малы мен бақшасының өнімдерімен қатысқанын атап айтқан жөн.

Гүлбаршын Әжігереева,

 суреттерді түсірген Темірболат Тоқмамбетов

© zhaikpress.kz