03 Қантар 2019
469

Оралдық кәсіпкер сал ауруына шалдыққан балалар үшін оңалту орталығын ашпақ

Айта кету керек, өзі де арбаға таңылған кәсіпкер 3 жыл бұрын науқас балалардың тірек-қимыл жүйесін жақсартуға мүмкіндік беретін арнайы тренажерлар жасауды қолға алған еді. Осы уақытқа дейін ол 200-ден астам аппарат жасап, оны сал ауруына шалдыққан балалар мен өңірдегі әлеуметтік нысандарға тарту еткен  болатын. Біржан Қожақов жол полициясы қызметкері болып жұмыс істеп жүрген кезінде екі аяғын бірдей үсітіп алады. Кейін жасалған бірнеше операциядан еш қайран болмады. Бірақ кейіпкеріміз арбаға біржола таңылса да, тағдыр сынына мойымады. Ескі жиһаздарды жөндей жүріп, болашақ бизнесінің негізін қалады. Бауырларымен бірлесіп ұлттық нақыштағы бұйымдар жасайтын шағын цех ашты. Біржан Қожақов, кәсіпкер: - Өзіңіз байқағандай, өзіміздің қазақи кәдімгі қошқармүйіз орнаменттерді енгізуге тырысамыз. Біздің ұрпағымыз ұмытпасын деп, осы қазақи нақышта жасап жатқан сандықтар. Сосын жиналмалы бесіктер бізде сұраныс бойынша түсті. Көпшілігі тұтастай бесікті алып жүре алмайды, автокөлікке сыймайды, пойыздарда қыдырып жүргенде де. Кәсіпорында еңбек ететін 35 жұмысшының 21-і мүмкіндігі шектеулі жан. Солардың бірі Дархан Төлеуғалиев жергілікті колледждердің бірінде автоматты станокпен жұмыс істеуді меңгерген. «Ал өндірістік цехта жиһаз жасаудың қыр-сырын толық үйрендім», - дейді. Дархан Төлеуғалиев, кәсіпорын жұмысшысы: - Осындай станоктармен жұмыс жасаймыз. Ағаштан ою, сандық, бесік кесемін. Және ауру балаларға арналған вертиклизатор жасаймыз. Мебель мектептерге балабақшаларға отырғыштар жасаймыз. Жұмысым өте қатты ұнайды. Үш жыл бұрын кәсіпкер сал ауруына шалдыққан балалар үшін мынадай құрылғылар жасауды қолға алды. Бұл аппараттар науқас балалардың бойын тіктеп, дертінен сауығуына ықпал етеді. Осы уақытқа дейін кәсіпкер құны 26 миллион теңге болатын 250 құрылғы жасап, мұқтаж балалардың отбасына тегін ұсынған. Олардың басым бөлігі ауылдық жерлерде тұрады. Біржан Қожақов, кәсіпкер: - Ақжайыққа, Теректіге оңалту орталығын ашқым келеді. Шағын реабилитационный центр ашқанның өзінде де онда 15-20 аппарат қойып, аурухананың жанынан, сосын балалар тегін айналысса, оның өзі біз үшін үлкен плюс болады. Тек әкім қолдаса, сол ғимаратты берсе, аппараттарды өзіміз жеткізіп, жиһаздарды  қондырамыз. Қазір Біржан Қожақов өз ойын іске асыруға мүмкіндік беретін қолайлы ғимарат табудың қамымен жүр. «Шағын цехта емдеу құрылғыларының 34 түрі жасалады. Орын кеңейсе, келешекте даун синдромы және аутизм дертіне шалдыққан балаларға да көмектеспек ойымыз бар», - дейді кәсіпкер. 

Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Руслан Ғазезов, Қанат Махмұтов


Оралдық кәсіпкер сал ауруына шалдыққан балалар үшін оңалту орталығын ашпақ