08 Қантар 2019
1169

Оралда жаңа медициналық орталық ашылды

 

Орал қаласында «Uniserv medical center» көпбағытты медициналық орталық ашылды. Үш қабатты ғимаратта орналасқан орталықтың құрылтайшысы - «Uniserv» ЖШС бақылау кеңесінің төрағасы, кәсіпкер Нұрғазы Сәтбаев.

Нысанды «Жиенбай» ЖШС салды. Жоба құны – 1 888 144 млн. теңге. Құрылтайшының жеке инвестициясы есебінен салынған жаңа нысанның ашылуына облыс әкімі Алтай Көлгінов қатысты. Медициналық орталық көз және тіс аурулары бойынша кеңесші-диагностикалық қызмет көрсетеді.

 

 

 

– Денсаулық сақтау саласында жеке инвесторлардың қанат жаюына мүмкіндік беруіміз қажет. Бұл бағытта жеке қызмет көрсету орталықтарының ашылып жатқанына қуаныштымыз. Орталық тұрғындардың денсаулығын нығайтуға ықпал етеді деген сенімдемін. «Uniserv» компаниясы бұған дейін жол құрылысына елеулі үлес қосса, енді медицина саласына инвестиция қаржысын құюда. Облыстық мәслихаттың депутаты Нұрғазы Сәтбаевтың іскерлік қабілеті ерекше. Мысалы, құрылтайшы ретінде жаңа жобаны қолға алуда. Тұрғындар емделу мақсатында шетел аспай-ақ, облыс орталығының өзінде білікті мамандар көмегіне жүгіне алады,- деді облыс әкімі Алтай Сейдірұлы.

 

Медициналық орталық тіс ақауын рентген құрылғысына түсіріп анықтау, лазерлік технологияны қолдана отырып, көз ауруларын хирургиялық емдеу жолдарын ұсынады. Орталықтың офтальмологиялық клиникасына қарасты 10 кабинет, диагностикалық бөлім, ота жасау мен күндізгі стационар жүйесі қызмет көрсетеді. Ал стоматологиялық клиникасында бес емдеу кабинеті мен тіс технологиясы лабороториясынан және рентген бөлмесі бар. Орталықта еліміздің және Ресейдің білікті дәрігер-мамандары қызмет етеді. Медициналық орталықтың бас директоры Нұрлан Дәрменқұлов биыл мемлекеттік тапсырыс аясында кей қызмет түрін тегін ұсынатындарын айтты.

 

Айта кетейік, облыстағы денсаулық сактау мекемелерінде 20 ересек, 3 бала офтальмолог қызмет етеді. Яғни, өңірде 10 мың адамға көз ауруын емдейтін 0,3 маманнан келеді деген сөз. Былтыр көзге 1520-дан астам ота жасалды, оның ішінде 1180-ге жуығы көздің шелін сылуға қатысты.

 

 

Источник: http://zhaikpress.kz/ru/news/v-uralske-otkrylsya-novyj-medicinskij-centr