30 Желтоқсан 2018
482

Оралда шаңғымен көпшілік жүгіру және қысқы жартылай марафон өтті

Бүгін Орал қалалық мәдениет және демалыс саябағында Жаңа жыл мерекесіне арналған шаңғымен көпшілік жүгіру және қысқы жартылай марафон өтті. Спорттық шараға облыс әкімі Алтай Көлгінов те қатысты.

 

-Елбасы үнемі бұқаралық спортпен айналысуға шақырады. Өздеріңіз көріп жүргендей, батысқазақстандықтар Елбасының салауатты өмір салты ұстанымдарын толық қолдап, тіпті мерекені де спорт арқылы тойлайды. Алдағы жылы 300 орындық интернатымен спорт колледжін ашамыз. Чемпиондарымыз көбейеді. Барлығыңызды Жаңа жылдарыңызбен құттықтаймын! Спортпен айналысып, бір-біріңізді қолдаңыздар,-деді облыс әкімі Алтай Көлгінов.

-Жылдың қорытынды спорттық шарасы десек те болады. Шаңғымен көпшілік сырғанауға 500-ден астам қала тұрғыны тіркелді. Шара басталғанда қатысушылар саны одан да артты. Спорт мектептерінің кішкентай спортшылары да қатысуда. Шаңғышылар Шағанның оң жағалауында 2,5 шақырым жүріп өтті. Ал қысқы жартылай марафон Uralsk Runners жүгіру клубымен бірлесіп ұйымдастырылуда,-деді облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әсия Аманбаева.

Биыл БҚО-да тұңғыш рет дуатлон, жартылай марафон жарысы өткен болатын. Бұл шараларға да оралдықтар, тіпті басқа облыс тұрғындары да келіп қызығушылықпен көптеп қатысты. Бүгінде батысқазақстандықтардың 30 пайызы бұқаралық спортпен айналысады.

Нұрлыбек Рахманов,

фото және видеоға түсірген автор

© zhaikpress.kz