13 Қантар 2019
521

БҚО әкімі: «Тұрғындар үшін ыңғайлы жағдай жасалуы қажет»

«Ертең дүйсенбі. Барлық әлеуметтік мекемелер – мектептер, балабақшалар, емханалар мен ауруханаларға баратын жолдар мұздан тазартылып, тұрғындар үшін ыңғайлы жағдай жасалуы қажет», - деді, – облыс әкімі Алтай Көлгінов ауа-райының күрт құбылуына байланысты 13 қаңтар күні өткен шұғыл жиында.

Коммуналдық қызмет өкілдері, құрылыс және жол компанияларының басшылары қатысқан жиында өңірдегі қазіргі жағдай талқыланды. Аудан әкімдері бейнебайланыс арқылы елді-мекендердегі жолдарды тазарту, жарық, газ мәселелері бойынша жағдайды жеке-жеке баяндады. Облыс әкімі Алтай Көлгінов жиында техника жетпейді деп уәж айтқан «Қазавтожолдың» өңірлік басшысын сынға алып, барлық техника сақадай сай болу керектігі бұдан бұрын ескертілгенін атап өтті. Аудандардағы жарық сөніп қалған кейбір елді-мекендерде бүгін аталған мәселелер толықтай шешіледі. Электр желілеріне мұз қатулар жиіліп тұр. Алайда сатып алынған арнайы техникалар мен крандар арқылы жағдайды тез арада қалпына келтіру мүмкін болып отыр. Сонымен қатар, елді мекендер арасындағы, шаруа қожалықтарына апаратын жолдардың уақыты тазартылуын тапсырған облыс әкімі «жаңбырдан кейін күн суытып келеді. Мұз қатуда, тебін малдың жем-шөбін пысықтау керек», - деді аудан әкімдеріне.

Қазір техникалары бос тұрған құрылыс және жол компаниялары арнайы техникаларымен көмектесу керектігін ескерткен облыс әкімі «Бұл – ортақ жұмыс. Көпшілік жүретін жерлер мен әлеуметтік нысандардың маңы бірінші кезекте тазартылуы керек. Қала мен ауыл тұрғындарынан сұрайтынымыз, әркім өз ауласын тазартып, көшеге шығарып қоюы керек. Коммуналдық мекемелер қарды қала немесе ауыл сыртына шығаруды өз жауапкершілігіне алады», – деді. Өз кезегінде жекеменшік компания басшылары қажеттілік туындаған аудандарға техникаларын жіберетінін жеткізді. Айта кету керек, «Казгидромет» өкілдерінің мәліметіне сәйкес, былтырғы жылмен салыстырғанда қардың түсуі биыл екі есе көп.

БҚО әкімдігі баспасөз қызметінен