15 Қантар 2019
505

Сырым ауданындағы 12 елді-мекенге су тарту жұмыстары басталады

 

Бүгін облыс әкімі Алтай Көлгінов жұмыс сапарымен Сырым ауданында болды. Аудан орталығында облыс әкімі жергілікті халықпен кездесіп, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуын талқылады. Кездесу барысында аудан тұрғындарының негізгі талабы  - ауыз су мәселесін шешіп беруді өтінді.

 

-Елбасының Жолдауына сәйкес халықтың өмір сапасын арттыру жұмыстары Сырым ауданында жалғасын табады,- деді облыс әкімі.

 

Облыс әкімінің айтуынша, биыл ауданның 5 елді-мекеніне таза ауыз сумен қамту жұмыстары басталады. Сондай-ақ, Кеңашы жер асты су кен орнынан сумен қамту жүйесінің жобасы дайын екендігін хабарлады. Құны 2,4 млрд. теңгені құрайтын топтық су құбыры құрылысының жобасы 7 елді-мекенді қамтиды. Қазіргі таңда бұл елді-мекендерде 10 мың халық тұрады.

 

Жобаны «Қазэкологияжобалау» ЖШС директоры Ерлан Әбдіров халық алдында таныстырды.  Жобалаушы компанияның сөзінше, сумен қамту желісінің ұзындығы 80 км.

 

Жиында облыс әкімі республикалық бюджеттен қаржы сұрау мақсатында Елбасының Жолдауына сәйкес тиісті ҚР Ауыл шаруашылық министрлігімен жұмыстанатынын жеткізді.

 

Сонымен қатар, жұмыс сапары барысында облыс әкімі Шолаңқаты ауылдық округінде жергілікті шаруалармен кездесіп, асыл тұқымды мал шаруашылығымен айналысатын «Жібек жолы» шаруа қожалығының жұмысымен танысты. Сондай-ақ, Елбасының Жарлығымен Жастар жылы жариялануына байланысты алғаш болып Сырым ауданының белсенді жастарымен жүздесті.