17 Қантар 2019
473

БҚМУ оқытушыларына Digital Academy компаниясының өкілі тренинг өткізді

 

 

14-17 қаңтарда М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде Digital Academy компаниясы жеке тиімділікті, эмоционалдық көшбасшылықты, жобаларды басқару дағдыларын және жоғары білім беру менеджментін дамыту бойынша университет басшылығы мен профессор-оқытушылар құрамы үшін тренинг өткізді.

 

Тренинг бағдарламасы «PMI PMBOKGuide» (АҚШ жобаларды басқару институтының жобаларды басқару бойынша білімдер жиынтығы) нұсқаулығы негізінде құрастырылған.

 

Жоба менеджерінің стратегия, адамдар және тәжірибе бағыттары бойынша 28 негізгі құзіреттілігі талданды.

 

Аталған бағдарлама негізінде бірнеше модульдер – жобаны анықтау және басқару, матрицалық құрылымдарының типтері, иерархиялық құрылымын әзірлеу, ресурстарды жоспарлау, мүмкіндіктерін талдау, тәуекелдерді басқару үрдістері, ақпараттарды басқару, бизнес-жоспар құру үшін пайдаланылатын бағдарламалық өнімдерді қарастыру, тәуекелдерді мониторингілеу және бақылау, жобалық менеджментте пайдаланылатын бағдарламалық өнімдерді қарастыру бағыттары бойынша мәселелер талқыланды.

 

Тренинг курсына қатысушы, филология факультетінің деканы, педагогика ғылымдарының кандидаты Ә.Мұханбетқалиев: «Жоба, жобалау ұғымдарын қазіргі таңдағы тренд деп атасақ та болады. Өйткені кез-келген істі жоба ретінде ұтымды жоспарлап, тиісті дәрежеде жүргізіп, нәтижелі аяқтауды басқару, яғни жобалау менеджменті түрлі деңгейдегі жетекшілерге аса қажет білім қоры деп есептеймін. Сондықтан да аталмыш курс арқылы қандай да болмасын қолға алынған істі тиянақты жоспарлап, толыққанды жүргізіп, табысты аяқтау бағытындағы өз білімімді толықтырдым деп ойлаймын» дейді.

 

Тренингтің қорытындысында тәжірибелі басшылардың өзінде де жобаларды басқару қағидалары туралы түсініктерінің кеңігені айқын, ал жобалық менеджментке жаңадан келгендер үшін жобалар бойынша әрі қарайғы жұмыстануға  қажетті мызғымас негіз қаланды.

 

Курсты тәжірибелі маман, жобаларды басқаруда магистр атағы (Украина) мен Cambridge IE дипломы (Ұлыбритания) бар, жобалардың сертификатталған директоры, КАУП асессоры, Delta Ipma жүйесі бойынша асессор, IT-жобаларды басқару бойынша 10 жылдам астам тәжірибесі бар Иван Чубисов жүргізді.

 

Рита Сұлтанғалиева,

 

М.Өтемісов атындағы БҚМУ-дың баспасөз қызметі

 

Сурет: Рафхат Халелов