19 Қантар 2019
802

Оралда құрылыс қарқынды (СУРЕТ)

 

Бүгін облыс әкімі Алтай Көлгінов Оралдағы бірқатар құрылыс нысандарында болып, құрылыс жұмыстарының жүру барысымен танысты.

 

 

Алдымен облыс басшысы халық арасында «Омега» көпірі атанып кеткен Мұнай базасы ауданындағы көлік өткелін қайта құру жұмыстары қалай жүріп жатқанын пысықтады.Өткен жылдың қараша айының бірінде бұл көпірді бұзу жұмыстары басталған. Құрылыс жұмыстарымен бұдан бұрын Депо көпірі құрылысын салған «Ка-Строй ЛТД» ЖШС-ның құрыш қолды құрылысшылары жүргізуде.Компания басшысының орынбасары Төлеген Қарағойшиннің баяндауынша, облыс әкіміне көпірді бұзу жұмыстары кестеге сай жүргізіліп отыр. Жалпы жұмысқа 20 жұмысшы жұмылып, 15 техника тартылған. Бүгінде жолайырығындағы ескі өткелдің 15 құрама бөлігінің сегізі бұзылып алынған, яғни ескі көпірді бұзу жұмыстары 50 пайыздан астамға орындалған.Мемлекеттік сараптама бойынша көпірді жаңадан салуға 33 ай кетеді, алайда мердігер компания құрылыс жұмыстарын одан қысқа мерзімде сапалы орындап шығуға міндеттеме алып отыр. Нысанның жалпы құны 5 222 525,09 мың теңге және жоба «ҚПО. б. в» компаниясы есебінен қаржыландырылуда. Құрылыс жұмыстары 2021 жылдың тамызында аяқталып, пайдалануға тапсырылады деп жоспарланған.Өңір басшысы құрылысшылармен сөйлесіп, жұмысты сапалы әрі уақытында атқаруды тапсырды.Сонымен қатар көпірді бұзу жұмыстары барысында үйілген қар аралас қоқыстарды сақтап қоймай, тазалау керектігін ескертті.Алтай Көлгінов Деркөл ауылындағы спорт кешені нысанына барып, құрылыс жұмыстарын көрді.Алдағы маусым-мамыр айларында құрылысы өткен жылы басталған аталмыш кешені құрылысы аяқталып, пайдалануға тапсырылмақ.Өңірдегі спортқұмар балалар әзірге жалға алынған орында оқиды әрі жаттығуға шаһардың басқа аудандарындағы спорт залдарға барады. - Спорт кешені 250 балаға арналған.Соның ішінде 150 жас спортшыға лайықталған интернаты салынуда. Кешен ғимаратында оқу ғимараты, үш спорттық зал, соның ішінде жалпы дайындық, күрес жаттығуы және волейбол, баскетбол, гандбол залдары болады. Кешен ғимараты өзара жалғасқан үш бөлік ғимараттан тұрады, - деп баяндады мердігер «Альтаир» ЖШС-ның басшысы Сергей Потиченко. Мердігер компанияның басшысы бір сөзінде Деркөл ауылының өсіп-өркендеп жатқанын, сондықтан келешекте бұл ауданнан жүзу бассейні, мұз айдыны салынса, құба-құп деген пікірін білдіріп қойды. Нысандағы құрылыс жұмыстары кестеге сай жүруде.Бұл құрылыстың жалпы құны 1 323,4 млн.тенге болса, 2018 жылы жергілікті бюджеттен120 млн.теңге, биыл 277,021 млн.теңге қаржы бөлінген.Бүгінде оқу ғимараты мен интернаты салынған. Облыс әкімі құрылыс жұмыстарына жергілікті өндірісшілердің өнімдерін пайдалануды мықтап тапсырды.Бұдан кейін Алтай Көлгінов Орал – Атырау және Орал – Саратов бағытындағы күре жолдардың арасындағы алып құрылыс алаңына барды.№41 дақтағы 216 пәтерлік тоғыз қабатты тұрғын үй құрылысының жұмысын көрді. Бұл тұрғын үй қаладағы 13 санат бойынша үй кезегінде тұрған азаматтарға арналып салынуда. Мұндағы пәтерлер негізінен бір және екі бөлмелік.Тәжірибелі мердігер «Альтаир» компаниясының басшысы Сергей Потиченко құрылыс жұмыстарына қатысты ешқандай мәселе жоқтығын айтты.Облыс басшысы болашақта осындай тұрғын үйдің 1-қабатын балабақша, шағын орталықтарға арнап салу мәселесін қозғады.Құрылыс компаниясының басшысы жобада болса, салуға дайын екендерін білдірді.

Орал қаласы әкімінің орынбасары Алтынбек Қайсағалиевтың айтуынша, қала бойынша 21 мың адам баспана кезегінде тұр.Жаңа үйдің құрылысы Елбасы тапсырмасына сәйкес «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынуда.Жыл сайын облыс әкімінің тапсырмасына орай Оралда үй кезегінде тұрған азаматтарға арнап бір-екі тұрғын үй салу қолға алынған.2018 жылдың соңында №39 дақтағы 180 пәтерлік көпқабатты үй салынып, тапсырылды. Алдағы мамыр-маусым айына қарай 216 пәтерлік осы үйдің құрылысын аяқтау жоспарланған.Бұл тұрғын үй азаматтарға жалға беріледі.Бір бөлмеліге тұрғындар айына 5-6 мың теңге, екі бөлмеге 7-8 мың теңге шамасында жалдау ақысы төленеді.Үй құрылысы республикалық, жергілікті бюджеттер есебінен қаржыландырылуда.Республикалық қазынадан қаржының бастамасы бөлінген.Нысанның жалпы құны 1,7 млрд. теңгені құрайды, әзірге қаржыландырудан қалғаны - 800 млн теңге.Қаланың солтүстік-шығыс шағын ауданында тағы бір үйдің құрылысы жүруде.Ол үй де баспана кезегінде тұрған тұрғындарға арналып салынуда.Оның құрылысы да биыл аяқталады. Сонда биыл солтүстік-шығыс шағын ауданындағы 180 пәтерлік және күре жолдар қиылысындағы 216 пәтерлік үйлер пайдалануға тапсырылмақ.Жалпы 2019 жылы қала бойынша 400 отбасы қоныстойын тойламақ.