26 Қантар 2019
409

БҚО инвестициялық тартымды аймаққа айналуда.

 

30 миллиардтан астам инвестиция тартылатын болды.

 

 

 

Мемлекеттің басымды бағыттарының бірі инвестицияларды тарту үшін қолайлы ортаны қалыптастыру болып табылады. ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев мемлекеттік орган басшыларына инвестицияларды тарту бойынша жұмысты ширатуды тапсырды.

 

Бүгін инвестицияларды тарту және инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі аймақтық кеңес отырысында жалпы құны 30 миллиард теңгені құрайтын төрт инвестициялық жоба қаралды.

Облыс әкімі Алтай Көлгінов инвестициялық тартымдылық өңір экономикасы үшін негізгі фактор болатынын атап өтті.

 

- Ел экономикасына инвестицияларды тарту біз үшін негізгі бағыттардың бірі. Мемлекетімізде ыңғайлы инвестициялық ортаны жақсарту мен инвестициялық тартымдылықты арттыру жұмыстары қарқынды атқарылуда. Инвесторлар үшін қолайлы жағдайлар жасалуда. Экономиканы әртараптандыру бойынша жұмысымызды жалғастырамыз. Біздің өңір бұл жобалардың жүзеге асуына ниетті, - деді облыс әкімі.

 

 

Аймақтық кеңесте ауыл шаруашылық саласында екі жоба таныстырылды. Мәселен, «АМАNAT» шаруа қожалығы Бөрлі ауданында 2,5 миллиард теңгені құрайтын өз қаражатына сүт өндіру кешенін салуды жоспарлаған. 600 бас сиырға арналған кешен жылдық сүт өндірісін 1525 мың тоннаға жеткізетін болады. Құрылыс кезеңінде уақытша 30, сүт кешені іске қосылған сәтте 10 адамды тұрақты жұмыспен қамтымақ.

 

Сондай-ақ «Ringo - Milk» ЖШС Теректі ауданынан 1500 сауын сиырға есептелген, құны 3,9 миллиард теңгені құрайтын сүт өндіру кешені жобасымен таныстырды. Италияндық компаниямен бірлескен кешен жылына 7 мың тонна сүт және суармалы жерден жылына 8 мың тонна құнарлы мал азығын өндіруге қауқарлы. Сүт зауыты құрылысына 150 адам, ал іске қосылған кезде 40 адамды тұрақты жұмыспен қамтиды.

 

 

«Орал трансформатор зауыты» ЖШС өнім түрлері мен көлемін көбейте отырып, қуаттылығы 35-500 кВ трансформаторларға арналған панельдік радиаторлар өндірісін іске қосатын болды. Жалпы құны 3,9 млрд теңгеден асатын жоба іске қосылғанда 100-ден астам жаңа жұмыс орыны ашылмақ. Зауыт басшылары қызметкерлеріне ыңғайлы жағдай жасау үшін бірінші қабаты балабақшамен, сауда орнымен, спорт орындарымен қамтылған 9 қабатты тұрғын үй салуды жоспарлап отыр.

 

Сонымен қатар, «K7 GROUP» құрылыс компаниясы Орал қаласы маңынан көп қабатты тұрғын үйлер салуға ниетті. Инвестор өз есебінен бұл жобаға 20 миллиард теңгеден асатын қаржы жұмсамақ. Сондай-ақ, құрылысқа қажетті материалдарды да жергілікті жерден алуды көздейді. Бой көтеретін үйлер мемлекеттік бағдарламалармен және жеңілдетілген бағамен өңір тұрғындарына ұсынылмақ.

 

 

ФОТО: Александр Куприенко