26 Қантар 2019
449

«Ашық әкімдікке» 525 адам келді

 

Бүгін Х.Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрында сағат 9.30 – 17.30 аралығында үзіліссіз тұрғындарға арналған дәстүрлі «Ашық әкімдік» күні өтті.

 

Өңір басшысы Алтай Көлгінов, Орал қаласының әкімі Мұрат Мұқаев пен облыс әкімінің орынбасарлары қоғамдық қабылдау өткізді. Сонымен қатар, шараға облыстық басқармалары, құқық қорғау органдары, коммуналдық және басқа да мекемелер басшылары қатысты. Шара мақсаты – тұрғындар арасындағы туындаған көкейкесті мәселелердің шешімін жедел әрі тиімді жолмен шешу.

 

Облыс әкімдігінің бастамасымен қолға алынған ашық қоғамдық қабылдауға түрлі сұрақтармен 525 азамат келді. Оның көпшілігі тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық, жер қатынастары және білім беру салаларына қатысты мәселелер көтерді. Облыс әкімі 150-ге жуық азаматтарды қабылдап, тұрғындардың мәселелерін қарап, әрбір сұрақ бойынша жауапты мемлекеттік органдарға заңға сәйкес нақты тапсырмалар берді.

 

Ашық есік күнінде өңір тұрғындарының барлық мәселелері қаралып, әрқайсысына тиісті жауаптар мен кеңестер берілді.

 

Айта кету керек, «Ашық әкімдік» шарасы облыс орталығында 7-ші рет ұйымдастырылып отыр. 2018 жылы бұл шара облыс орталығымен қатар, өңірдің әр аудандарында өткізілді, оған 1200-ден астам адам қатысты.