29 Қантар 2019
323

Оңтайландыру мәселелері айтылды

 

Брифинг ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің БҚО бойынша департаменті басшысының орынбасары Аманқос Жұбаныш және ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің БҚО мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінің басшысы Ермек Суербаевтың қатысуымен өтті.

 

Алдымен сөз алған Аманқос Жұбаныш мемлекеттік құрылымдардың алаңдармен қамтамасыз етудің заттай нормаларын сақтамауларын анықтау бойынша жүргізілген жұмыстар туралы баяндады. Спикердің сөзінше, өткен жылдың қараша-желтоқсан айларында департаменттің, облыстық қаржы басқармасының және Қаржы министрілігі Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің қызметкерлерінен құралған 3 жұмыс тобы облыстағы мемлекеттік құрылымдардағы артық алаңдарды анықтау бойынша бірлескен жұмыс жүргізген. Бұл жалпы түгендеу барысында 459 мемлекеттік құрылым қамтылған.

 

- Нәтижесінде мемлекеттік органдарды алаңдармен қамтамасыз етудің заттай нормаларын 22,1 мың шаршы метрге сақтамаулары анықталды. Жалпы оңтайландыруға жататын алаңдарды ұйымдастыру жұмыстары аяқталған жағдайда жылына 16,7 млн. теңге қаражаты үнемделетін болады. Ол дегеніміз коммуналдық шығындар, бөлмелерді жалдауға жұмсалатын қаражатты үнемдеу болып табылады. Бүгінгі күні мемлекеттік органдарға заттай нормалары сақталмаған алаңдарды оңтайландыру жұмыстарын ұйымдастыру туралы ұсыныстар берілді, - дейді департамент басшысының орынбасары Аманқос Жұбаныш.

 

2018 жылы жергілікті атқарушы құрылымдардың 4,4 мың шаршы метр алаңын 70 кәсіпкерге жалға беруден мемлекет 13,8 млн. теңге пайда көрген. Ал 2,1 мың шаршы метр алаңды жалға алған мемлекеттік құрылымдар 36,3 млн. теңгеден астам қаржы шығындаған.

 

Ясипа Рабаева

 

zhaikpress.kz