30 Қантар 2019
564

Жаңақала ауданының әкімінің халық алдында есепті кездесуі

 

Бүгін Жаңақала ауданының әкімі Н.Қарайғошиннің халық алдында есепті кездесуі өтті.

 

Есепті кездесуге облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғ.Есқалиев, басқарма басшылары қатысты. Бұл шарада аудан әкімі атқарылған жұмыстар туралы баяндап, Жолдауда көрсетілген міндеттерге сәйкес алдағы жоспарлармен бөлісті.

 

Мәселен, бірнеше жыл бұрын аудан тұрғындарын таза ауыз сумен қамту деңгейі 54,8 % болса, 2018 жыл соңында 82 %-ке жетті. 6 елді-мекенге таза ауыз су жеткізіліп, 321,5 км су құбыры тартылды. Биыл «Ақбұлақ» бағдарламасы аясында Қырқопа және Қызылоба ауылдарын таза ауыз сумен қамту жоспарлануда.

 

Ауданның табиғи газбен қамтылу деңгейі 95%-ке жетті, 41,7 км табиғи газ желісі тартылды.​Бүгінгі күні ауданның 4 ауылына (Салтанат, Саралжын, Плантация, Борық) табиғи газ тарту үшін жобалық–сметалық құжаттары жасақталуда.

 

Өткен жылы аудан орталығында 5,7 км көше жолдары жөнделді. Биыл 6,2 км қатқыл табанды жол салынбақ. Оған қоса, 3,5 км жаяу жүргінші жолы салынады.

 

Сонымен қатар, ауданда 8693 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Аудан орталығында 3 қабатты 24 пәтерлік тұрғын үйдің құрылысы аяқталуда. Сондай–ақ «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында Жаңақала ауылында 3 қабатты 21 пәтерлік тұрғын үй, 2 пәтерлік 40 тұрғын үй құрылысы жоспарлануда. Оған қоса, ауданда 1047 тұрғын үй жер учаскелеріне инженерлік инфрақұрылым желісін тарту жұмыстары жүргізілуде.       

 

Төртқұлақ, Қарасу лимандарының 12 су жіберетін қақпалары күрделі жөндеу, 38 км каналы механикалық тазарту жұмыстары жүргізілуде. Қарақұдық лиманын жаңарту, Көшім өзенінің арнасын механикалық тазарту жұмыстары жоспарлануда.

 

Былтыр ауданда 8,7 млрд теңгенің ауылшаруашылығы өнімі өндіріліп, тауар айналымы 4,5 млрд. теңгені құрады. Аудан бойынша 660 жаңа жұмыс орындары ашылып, 696 адам жұмысқа орналастырылды. ​

 

Білім беру саласында балаларды мектепке дейінгі ұйымдармен, 3-6 жастағы балаларды мектеп алды даярлықпен қамту 100 % жетті.​Аудандағы мектептер «BilimBook» бағдарламасымен толық қамтылды, аудан орталығында орналасқан 3 балабақша мен 1 шағын орталығында балаларды мектепке дейінгі ұйымдарға кабылдау қызметі автоматтандырылды. 

 

Денсаулық сақтау саласында биыл Көпжасар ауылындағы дәрігерлік амбулаторияны күрделі жөндеуден өтеді. Жаңажол, Мәстексай ауылдарында мәдениет үйлерін салу жоспарлануда.

 

Спорт саласы бойынша 2018 жылы «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында 4 ауылда спорт алаңдары салынды. Биыл Жаңақала ауылында дене шынықтыру–сауықтыру кешені, 6 ауылға 7 спорт алаңы салынбақ. Оған қоса, балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің ғимаратын күрделі жөндеуден өткізiледi.

 

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында 312 іс-шара ұйымдастырылып, 20 млн.тг  жуық 16 меценаттық жоба жүзеге асты.