30 Қантар 2019
518

Бөкей ордасы ауданы әкімінің халық алдында есепті кездесуі

 

Аудан әкімдерінің халық алдында есеп беру жиналысы 30-қаңтар күні Бөкей ордасы ауданында жалғасты.

 

Жиынға облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғали Есқалиев, облыстық мәслихат хатшысы Мәлік Құлшар, бірқатар облыстық басқарма басшылары, аудандық мекеме-кәсіпорын жетекшілері мен қызметкерлері, ауыл тұрғындары қатысты.

 

Аудан әкімі Нұрлан Рақымжанов өткен жылғы атқарылған істер мен алда тұрған міндеттер турасындағы өз баяндамасында әр саладағы жеткен жетістіктерге жеке-жеке тоқталып өтті.

 

2018 жылы  аудандық бюджет  4 млрд. 212 млн. теңгені құрап, қаражат толығымен игерілген.  Салық түсімдерінің жоспары 304,5 млн. теңге болса, орындалуы 336 млн. теңге немесе 110,3 пайызды құрапты. Ауданға келген 36 жас маманға  6 млн. 229 мың теңге көтерме жәрдемақы төленіп, 19 маманға 68 млн. 543 мың теңге  бюджеттік несие беріліп, баспанамен қамту мәселелері шешілген.

 

Ауданда былтыр кәсіпкерлерімен 6 млрд. 345 млн. теңгенің өнімі өндірілген. «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы аясында 80 адам 396 млн. 680 мың теңге несиеге қол жетізген. 2018 жылы 441 адам әр-түрлі бағыттар бойынша жұмыспен қамтылған.

 

Аудан әкімі өз баяндамасында білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет пен спорт саласында атқарылған өрелі істерге де тоқталып өтті.

 

Өткен жылы Сайқын ауылындағы «Арай» сауықтыру-туристік лагеріне және Хан Ордасы ауылындағы «Болашақ» лагеріне 1 млн. 100 мың теңгеге қаңқалы-модульдік  бассейндер алынған. Жергілікті бюджеттен бөлінген 6 млн. 657 мың теңге қаражатқа үш бастауыш мектепке және Бисен ауылындағы орта мектеп жанындағы интернатқа күрделі жөндеулер өткізу үшін жобалық-сметалық құжаттамалар дайындалуда.

 

Сонымен қатар ауданда дене шынықтыру-сауықтыру орталығын салу Бисен ауылына жаңадан мәдениет үйін салу үшін жобалық сметалық құжаттамалары әзірленуде.

 

-Ауданда 22 елді-мекеннің 14-і орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған. Жеті елді-мекеннің тұрғындары құдық суын пайдалануда.

 

Үштерек елді-мекеніне ауыз су тасымалданып, жеткізіледі. Бүгінгі таңда аудан тұрғындардың орталықтандырылған сумен қамтылу деңгейі 79 пайызды құрайды. Өткен жылдың желтоқсан айында Кеңой, күні кеше Әжен ауылдары таза ауыз сумен қамтылды. Сонымен қатар Жәрмеңке, Қарасу  ауылдарына су тарту жұмыстар аяқталу қарсаңында. Шоңай, Тайғара, Үштерек ауылдарына су құбырын жеткізу жұмыстарына байқау жарияланып,  құрылысы биыл басталмақ. Бұған қоса Мұратсай ауылы су құбырын қайта жаңғырту жұмысының құжаттамалары дайындалып, қаржы қарастырудамыз. Сондай –ақ өткен жылы ауданның 12 елді-мекенін көгілдір отынмен қамту жұмыстары жүргізіліп, толықтай аяқталды. Нәтижесінде аудандағы  елді-мекендердің барлығы толықтай газдандырылды. Облыс орталығымен қатынайтын республикалық маңызы бар жолдарды күрделі жөндеуге жобалық-сметалық құжаттамасы аяқталу қарсаңында. Жол салу жұмыстары биылғы жылдың маусым айында басталады деп күтілуде. Аудан орталығындағы ұзындығы 5,6 шақырым құрайтын көше жолдарына жаңадан асфальт төселді.  Биылғы жылы Сайқын ауылындағы 11 көшені және Хан Ордасы ауылындағы екі көшені жөндеуге құжаттама дайындалуда. Еліміздегі «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында Сайқын ауылында бес екі пәтерлік тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Сонымен қатар Сайқын ауылында 16 екі пәтерлік тұрғын үйдің және оған қажетті инженерлік  инфрақұрылымдарды тарту жұмыстары басталды. Ал 26 екі пәтерлік тұрғын үйдің құжаттамасы сараптамадан өтті. Сайқын ауылында 22 екі пәтерлік және екі қабатты 12 пәтерлік тұрғын үйлердің,  Хан Ордасы және Бисен ауылдарында төрт екі пәтерлік үйлердің құрылыс жұмыстарына құжаттамалар дайындалуда. Сондай-ақ жеке тұрғындармен жалпы көлемі 4984 шаршы метрді құрайтын 34 тұрғын үй іске салынды. Сайқын ауылынан жеке тұрғын үй құрылысын салуға арналған 34 жер теліміне инженерлік желілер тартылып, кезекте тұрған азаматтарға берілді,-деді аудан әкімі.

 

Өткен жылы жүзеге асқан ауқымды істердің бірі аудан орталығында заман талабына сай 70 орындық жаңа типтік интернат іске қосылуы болды. Аудан орталығында жерлесіміз Мәншук Мәметованың ескерткішіне арналған тынымбақ салынды. Сайқын ауылының жаңа  ауданында жасанды газон төселген футбол алаңы, Қуаныш Бірманов есімді кәсіпкердің демеушілігімен 1,5 млн. теңгеге балалар ойын алаңы жасақталған. Сонымен қатар Сайқын ауылында екі ойын кешені  және Мәмбет ауылында жаңа балалар ойын алаңы салынған.

 

Өз кезегінде облыс әкімінің бірінші орынбасары өңір халқының әл-ауқатын арттыру мен тұрмысын жақсарту бойынша жұмыстар жалғасатынын жеткізді.