04 Ақпан 2019
894

Облыста «Жастар жылының» ашылуы өтті

 

Бүгін Орал қаласындағы Достық үйінде «Жетістікке бастайтын жеті қадам» атты облыстық жастар жылының салтанатты ашылуы өтіп, өңірдің ең белсенді, бастамашыл әрі жаңашыл жастары ашық диалог алаңында бас қосты.

 

Жиынға облыс әкімі Алтай Көлгінов, ҚР Қоғамдық даму министрлігі Жастар және отбасы комитеті төрағасының міндетін атқарушы Асхат Оралов, «Болашақ» халықаралық стипендиаттары қауымдастығының атқарушы директоры Лаура Демесінова, «Қазақстан жастарының конгресі» ЗТБ атқарушы директоры Тоқтар Болысов қатысты.

-Облыста 29 жасқа дейінгі 136 мың жас бар. Әрине, жастардың бәрін бір залға жинай алмапсыз. Бірақ, әр ауданда осындай еркін пікірталас алаңы ұйымдастырылып, идеялар алмасу, тәжірибе бөлісу, жаңа жобаларды қолдау бағытындағы шаралар жыл бойы жалғасады. Атқарылатын жұмысты құр сөзбен емес, әрқайсымыз іспен нақтылауымыз қажет және жыл бойы егжей-тегжейлі талқыланып, толықтырылып отырады.

Ең басты мәселе – сапалы білім беру. Мемлекет басшысы әр өңірдегі жоғары оқу орындарының ең болмаса біреуі Назарбаев университетімен иық теңестіре алатындай болуы керек деген тапсырма берді. Облыста екі мемлекеттік университет бар, оған қоса 36 колледж бар. Колледждердің басым бөлігі аудандарда орналасқан. Ж. Досмұхамедов атындағы педагогикалық колледжге Назарбаев зияткерлік мектебінің, Батыс Қазақстан жоғары медициналық колледжіне Алматы қаласындағы Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медициналық университетінің тәжірибесін енгізе отырып, білім сапасын арттырамыз. Орал газ, мұнай және салалық технологиялар колледжінің оқытушылары Финляндияда біліктілік артырып оралды. Биыл шалғайдағы Жәнібек және Жаңақала аудандарында спорттық кешендер салынады. «Нұр Отан» партиясымен бірлескен жоба аясында алыс ауылдарда жүз спорт алаңы пайдалануға беріледі.

Облыста NEET санатындағы, яғни әлеуметтендірудің ешбір әдісімен қамтылмаған жастардың үлесі 3 пайызды құрайды, бұл республика бойынша ең төменгі көрсеткіш. Жастарды жұмысшы мамандықтарға, ауыл шаруашылығына қажетті мамандықтарға көбірек көңіл бөлуге шақырамын. Елбасының бес әлеуметтік бастамасында білім гранттарының санын 20 мыңға көбейтіп, жатақханалардағы орын санын 75 мыңға арттыру міндетін жүктеді. Облыста 1800 орынға тапшылық бар, сол себепті қазір бес жатақхананың құрылысына қажетті құжаттама аяқтала келді,-деген облыс әкімі Алтай Көлгінов жастарды жұмыспен қамту, жас кәсіпкерлерге қолдау бағытындағы жұмыстарға да тоқталып өтті. «Қазір «аға», «көке» дейтін заман емес, білімің мен білігіңе сенімді болсаң, еш кедергі жоқ» дей келе Алтай Сейдірұлы «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында инфрақұрылымды дамыту, «Нұрлы жер» және «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруға үлес қосу үшін облыс орталығы мен аудандарда студенттік құрылыс жасақтарын құру, шалғайдағы алпыс ауылға кең жолақты интернет жеткізу бағытында атқарылатын жұмыстар туралы әңгімелеп берді.

-Орал – жасыл қала деп жиі айтамыз. Бұл біздің ата-бабамыздан қалған баға жетпес байлық. Ал біз өзімізден кейінгі ұрпаққа қандай мұра қалдырамыз деген сұрақ әрбір жасты толғандыруы тиіс. Туған өлкемізді абаттандыру бағытында жобаларымыз бар. Мәселен, Жастар жылында жастар саябағын, ҰОС-ның батырлары саябағын салу жоспарда.

Елбасы Жастар жылының ашылуында атап өткендей, жастарды баспанамен қамту, ерікті жастарды қолдау, жастарды кәсіпкерлікке баулу мәселелері назардан тыс қалмайды. Жастардың түрлі түйткілдерін анықтаумен қатар, олардың ұсыныс-пікірлерін тыңдайтын ашық диалог форматындағы кездесулер жыл бойы жалғасады,-деді өңір басшысы.

Жастар жылының ашылуына орай облысқа арнайы келген ҚР Қоғамдық даму министрлігі Жастар және отбасы комитеті төрағасының міндетін атқарушы Асхат Оралов Жастар жылы аясында арнайы «Жол қартасы» әзірленгенін айтып өтті.

-Елімізде төрт миллионға жуық жас бар, бұл жалпы халықтың 22 пайызы. Жол картасы еліміздің әр санаттағы жастардың өзекті мәселелерін шешуге бағытталған нақты жүзге жуық жобадан және төрт бағыттан тұрады. Соның ішінде сапалы білім алу, жұмыспен қамту, баспана мәселесі ерекше назарда. Өткен жылы бастау алған «Зерен» республикалық жастар лагері қатысушыларының санын екі есеге дейін арттыру, еліміздің әр аймағынан келген көшбасшы жастар үшін мемлекет басшысымен бейресми кездесу өткізу жоспарланып отыр. Кей өңірлерде «7-20-25» тұрғын үй бағдарламасына қосымша «7-10-25» бағдарламасы жүзеге асып жатса, Астана, Алматы және Шымкент қалаларында жұмысшы жастарға арналған баспаналар салынбақ. Жастар тәжірибесі бойынша 10 мың қосымша грант бөлу арқылы 40 мың жасты қамту жоспарда,-деді Асхат Раздықұлы. 

«Ел ертеңі – жастар» атты жалпыұлттық жоспар бекітілмек, оның аясында «Жас кәсіпкер» және «Жас маман» бағдарламалар жүзеге аспақ. Сонымен қатар, жастардың жаңа бизнес идеяларын қолдауға гранттар бөліне бастайды. Ал 2019-2021 жылдары «Бастау Бизнес» шеңберінде еліміздегі 600 жас кәсіпкердің стартап жобаларына іске асыруға екі млн. теңгеге жуық қаржы бөлінбек. «Жол картасына» сәйкес жыл сайын 29 жасқа дейінгі бес мың жас кәсіпкерге 20 млн. теңгеге дейін шағын несие берілмек. Үшінші бағыт – білім беру, еріктілікті дамыту және ғылыми гранттарға тиесілі болса, «Жол картасының» төртінші бағыты жастардың әлеуметтік белсенділігін дамытуға бағытталмақ. Жастар саясатымен айналысатын ҮЕҰ қолдау көрсету, жастардың барлық санатын қоғамдық шаралармен қамту үшін аутсорсинг ретінде 3 млрд. теңгеге жуық қаржы бөлінбек. Сондай-ақ, жалпыреспубликалық жастар чемпионаты мен студенттік универсиада тәжірибесін қайта енгізу көзделіп отыр.

«Болашақ» халықаралық стипендиаттары қауымдастығының атқарушы директоры Лаура Демесінова өткен жылы «Жас Отан» жастар қатанымен бірлесіп қолға алған «English for Jastar» жобасын жүзеге асыруда батысқазақстандық еріктілердің айрықша белсенділік танытқанын ерекше атап өтсе, «Қазақстан жастарының конгресі» ЗТБ атқарушы директоры Тоқтар Болысов облыстағы жастар саясатының дамуына оң баға беріп, «Ақжайық жастары» брендін қалыптастырып үлгерген өңір жастарының әлеуеті мол екенін тілге тиек етті.

Жастар алаңында жастардың бастамалары мен ұсыныстары жайлы жан-жақты айтылды. «Кублей» ЖШС директорының жобалар бойынша орынбасары Зәуре Берекешова отандық кәсіпорындардың экспорттық әлеуетін дамыту турасындағы ой-пікірімен бөліссе, қаладан ауылға қоныс аударған Марат Әлжанов ауладан шағын жылыжай салып, асқабақ пен қарбызды жаңа технологияның көмегімен будандастыру арқылы қарбыз-қауынның жаңа түрін ойлап тапқан тәжірибесімен бөлісті. 2017 жылы мемлекеттен грант ұтып алып, бір жылдың ішінде мол пайдаға кенелген қаратөбелік жас кәсіпкер өз замандастарын ауыл шаруашылығымен айналысуға шақырды. ҚазИИТУ ғылыми-білім кешенінің маманы Айя Бөлекбаева «Жастарға арналған 101 идея» краудсорсинг платформасында ұсынылған «Жақсылық жаса» атты жастар марафоны туралы әңгімелеп берді. Алаңда жастар жылында облыста жүзеге асуы тиіс «Жетістікке бастайтын жеті қадам» атты бағдарламалық құжат қабылданды. Облыс жастарының ұсыныс-пікірлері негізінде дайындалған құжат жастар санасының ашықтығы, құндылық бағдары, өзіңді жаңа қырыңнан таныт, жастар кәсіпкерлігін дамыту, жаңа технологиялар, еріктілік атты жеті қадамнан тұрады.

 Облыстағы жастар жылы жастарды қолдаудың жарқын көрінісімен басталды. «Боламын деген баланың бетін қақпа, белін бу» деген ұстанымға берік, әрдайым туған жерге жанашыр бір топ жалпақталдық азамат самбо күресінен әлем чемпионы Нұрбол Серіковке Орал қаласынан екі бөлмелі пәтердің кілтін тарту етті.